30 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжінің студенттері сапармен келді.

Сапар аясында халықаралық ынтымақтастық пен академиялық алмасуды дамытуға бағытталған мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылды. Қытайдан келген делегация құрамында «Халықаралық экономика және сауда» және «Шекарааралық электрондық коммерция» мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер болды.

Кездесудің ресми бөлігі университет басшылығының қатысуымен өтті. Құттықтау сөз сөйлеген басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген серіктестік байланыстарды нығайту мен халықаралық білім беру кеңістігін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахымжанов та қонақтарды жылы қарсы алды.

Іс-шара барысында қатысушыларға университеттің қызметі, білім беру бағдарламалары және ғылыми жетістіктері таныстырылды. Әсіресе, «AI Amanzholov» халықаралық жасанды интеллект орталығына жасалған экскурсия үлкен қызығушылық тудырып, студенттер заманауи технологиялармен және инновациялық әзірлемелермен танысты.

Сондай-ақ, диалог алаңы ұйымдастырылып, оның барысында студенттер білім беру, халықаралық сауда және ынтымақтастықтың болашағы мәселелерін талқылады. Кездесу естелік суретке түсумен аяқталды.

Бұған дейін, 27 наурыз күні, шетелдік студенттер Өскемен әуежайында салтанатты түрде қарсы алынған болатын.

Өткізілген іс-шара университеттің халықаралық байланыстарын нығайтудағы және студенттердің академиялық ұтқырлығы үшін қолайлы жағдай қалыптастырудағы маңызды қадам болды.