19 марта 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЭКОЛОГИЯ СТУДЕНТТЕРДІҢ КӨЗІМЕН» АТТЫ ПЛАКАТТАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
«Digital Nauryz-2026» және «Наурызнама» онкүндігі аясында 2026 жылдың 19 наурызында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде экология және география кафедрасының «Жасыл толқын» ғылыми экологиялық үйірмесінің ұйымдастыруымен «Экология студенттердің көзімен» атты экологиялық плакаттар байқауы өтті.
Аталған байқаудың басты мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және экологиялық ойлау жүйесін кеңейту. Іс-шара жастардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырып, өзекті экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға үндеді.
Байқау барысында қатысушылар өз плакаттары арқылы бүгінгі күннің маңызды экологиялық проблемаларын – климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, су ресурстарын қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау тақырыптарын көркем әрі мазмұнды түрде бейнеледі. Әрбір жұмыс авторлардың терең ойы мен креативті көзқарасын айқын көрсетіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Қазылар алқасының құрамында ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Адиканова Салтанат Сайларбековна, «Байтақ» жасылдар партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Джакишев Алмаз Ажибекович, экология және география кафедрасының меңгерушісі Айткожина Салтанат Кайратовна және кафедра лекторы Сейітжан Дидар Қынатұлы болды. Қатысушылардың жұмыстары мазмұндылығы, идеяның жаңашылдығы, көркемдік безендірілуі және тақырыптың ашылу деңгейі бойынша әділ бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Бас жүлдені Внукова Алина мен Свахина Вероника иеленді. Бірінші орынды Мавлютова Толқын мен Мұздапарова Әсел жеңіп алды. Екінші орын Қуанғанова Сабина мен Советова Зере, сондай-ақ Асямов Д., Желдібаева Амина, Зимина М., Полковникова В., Талхитова М., Шаукенов А. топтарына бұйырды. Үшінші орынға Қайратқызы Айнара мен Халелова Жұлдыз, Сеікбол Ж., Мазыбаева Ә., Серікова Ж., Домай Д., сондай-ақ Исмаилова А., Асланбек И., Медетқызы Д. ие болды.
Аталған байқау Аманжолов университетінде экологиялық білім мен тәрбиені дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде студенттердің белсенділігін арттырып, олардың табиғатты қорғау ісіне деген қызығушылығын нығайтты. Мұндай іс-шаралар жастардың санасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастырып, болашақта қоршаған ортаны сақтауға үлес қосатын білікті мамандарды тәрбиелеуге ықпал етеді.



