30 сентября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҒАЛЫМДАР КЕҢЕСІ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ректордың төрағалығымен Ғалымдар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысып, халықаралық серіктес жоғары оқу орындарынан келген арнайы мәртебелі қонақтар да сөз сөйледі.

Іс-шараға Индонезиядағы Трисакти университетінің экономика және бизнес факультетінің профессоры Иоланда Маснита, оқу ісі жөніндегі декан орынбасары Хусна Лейла Юсран, Италиядағы Генуя университетінің доценті Диана Спулбер және Түркияның Хажеттепе университетінің лекторы Нуретин Демир қатысты. 

Кеңес барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Индонезиялық делегаттар ректорға жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, ШҚУ-мен ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және студенттер мен оқытушылардың мобильдігін арттыруға дайын екендіктерін атап өтті.

— Қазіргі уақытта түркі тілдері мен лингвистика саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігі артып отыр. Соған байланысты университеттер арасындағы екі жақты байланыс ғылым мен білім дамуына зор үлес қосады, — деді Хажеттепе университетінің лекторы Нуретин Демир.

Сонымен қатар, Италиядан келген профессор Диана Спулбер өз сөзінде университет ұжымына алғысын білдіріп, студенттердің білімге құштарлығы мен белсенділігіне жоғары баға берді. Ол «Сіздердің студенттеріңіз – болашақты өзгерткісі келетін тұлғалар» деп ерекше атап өтті.

Кеңес соңында ресми марапаттау рәсімі өтіп, шетелдік делегаттарға естелік сыйлықтар табысталды. Іс-шара достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, жаңа ғылыми-білім беру бастамаларына жол ашты.