6 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ 8 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қабырғасында 8-наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты концерт өтті. Іс-шараның басты мақсаты – университеттің дамуына үлес қосып жүрген әйелдерге құрмет білдіру және көктем мерекесін жоғары деңгейде атап өту болды.

Мерекелік кештің басында жүргізушілер жиналған қауымды жарқын көктем мерекесімен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы ерекше рөлі мен маңыздылығын атап өтті.

Салтанатты шара барысында университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйлеп, жоғары оқу орнында еңбек етіп жүрген әйел оқытушылар мен қызметкерлерге алғыс білдірді. Сондай-ақ университеттің ғылыми-білім беру қызметіне елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлерге арнайы марапаттар табысталды.

Мерекелік іс-шара аясында көп балалы аналарға ерекше құрмет көрсетіліп, оларға университет ректорының алғыс хаттары табысталды. Бұл олардың еңбегі мен қоғамдағы маңызды рөлін мойындаудың айқын көрінісі болды.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Бағдарламада «Ай тұмар» триосы, «Япурай» квартеті, «Әлем шаңырақ» би ансамблі, сондай-ақ «Шабыт» шығармашылық ұжымы өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән, би және поэзиялық қойылымдар кештің мазмұнын толықтырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кештің әсерлі әрі ерекше сәті ретінде орындалған «Анашым» әні аналарға деген терең құрмет пен алғысты білдіріп, мерекелік бағдарламаның көркем қорытындысына айналды. Ұйымдастырылған мерекелік іс-шара университет ұжымына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әйел затына деген құрметтің жарқын көрінісі болды.