17 ноября 2025


ШЫҒЫСҚА 200 ДОКТОР: AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ғылыми инфрақұрылымды дамытуға, гранттық қаржыландыруды ұлғайтуға және жоғары білім жүйесін нығайтуға бағытталған қолдауының арқасында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті PhD докторантурасын кеңейтіп, инновациялық магистратура бағдарламаларын дамыту мүмкіндігіне ие болды. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, жаңа зертханалар ашуға, халықаралық ынтымақтастық орнатуға және академиялық мобильдік бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыруға жол ашты.

Бүгін университет үшін ерекше маңызды күн болды: жеті докторант диссертациясын сәтті қорғап, философия докторы (PhD) дәрежесін алды. Олардың арасында Куаныш Самарханов (Физика, 8D05301), Айнұр Батталова (Химия, 8D05302), Еркежан Абикак (Химия, 8D05302), Әйгерім Абдуллаева (Физика, 8D01502), Меруерт Маулет (Физика, 8D05301), Нұрсұлтан Жакупов (Физика, 8D01520),Мөлдір Баяндинова (Физика, 8D05301).

Бұл жетістік университеттің ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің нәтижелі жұмысын және диссертациялық кеңестердің жоғары тиімділігін көрсетеді.

2018–2025 жылдар аралығында докторантура контингенті айтарлықтай өсті және 2025 жылы 190 адамға жетті. Ал 2014–2017 жылдары бұл көрсеткіш тек 7 докторант болған, яғни өсім 27 еседен астам. Докторанттардың 90%-ы университетте қалуды жалғастырып, аймақтық ғылыми потенциалды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.

Физика және Химия саласындағы диссертациялық кеңестер зерттеу сапасын арттырып, докторлық диссертацияларды сәтті қорғау үлесін 40%-ға дейін жеткізді.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ғылыми кадрларды даярлау жүйесін енгізу арқылы тек Шығыс Қазақстан үшін ғана емес, еліміз үшін де ғылыми әлеуетті тұрақты әрі динамикалық дамыту моделін қалыптастырды.