Бүгін Өскемен қаласының әуежайында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті, каратэден әлем чемпионы Милана Щетинина салтанатты түрде қарсы алынды. Ол Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен беделді халықаралық жарыс — «The 5th World Kyokushin Championship» турнирінен жеңіспен оралды.
Спортшыны айтулы жетістігімен құттықтауға университет басшылығының өкілдері, оқытушылар, студенттер, достары мен жақындары жиналды. Милана гүл шоқтары мен зор қошеметке бөленіп, университет пен ел намысын әлемдік спорт аренасында абыроймен қорғағаны үшін алғысқа ие болды.
— Шынымды айтсам, мұндай қарсы алуды мүлде күтпедім. Осыншама адамды, таныс әрі жақын жүздерді, өз университетімді көру мен үшін өте қуанышты. Бұл — үлкен қолдау. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығына, оқытушыларға, студенттерге және мені қарсы алуға келген барша жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын. Менің барлық жеңістерім — отбасымның, бапкерімнің және университеттің бірлескен еңбегінің нәтижесі, — деп бөлісті Милана.
Милана Щетинина — Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бірінші курс студенті, спорт шебері. Ол каратэмен 11 жылдан бері айналысып келеді. Әлем чемпионатында 18–21 жас аралығында, 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, өзінің жоғары деңгейдегі дайындығы мен спорттық шеберлігін дәлелдеді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің басшылығы студентінің жетістігіне зор мақтаныш білдіріп, Милананың табысы — мақсатқа ұмтылудың, еңбекқорлықтың және оқу мен спортты үйлестіре білудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Милана Щетининадың жеңісі университет үшін ғана емес, өңірдің бүкіл спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиғаға айналып, қазақстандық спортшылардың әлемдік аренадағы жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.