6 января 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY МАГИСТРАНТЫ АЙБОЛ СЛЯМБЕКОВ — ГІР СПОРТЫНАН 9 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ЖӘНЕ «ҚҰРМЕТ» ПЕН «ТАРБАҒАТАЙ ТАРЛАНЫ» ТӨС БЕЛГІЛЕРІНІҢ ИЕГЕРІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің магистранты, гір спортынан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбол Слямбеков жоғары спорттық жетістіктері мен ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» және «Тарбағатай Тарланы» төс белгілерімен марапатталды.

Айбол Слямбеков – Қазақстан гір спортындағы ең табысты әрі танымал спортшылардың бірі. Ол республикалық деңгейде 14 мәрте, Азия чемпионаттарында 10 мәрте, ал әлем чемпионаттарында 9 мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Спортшының бұл жетістіктері отандық спорттың ғана емес, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің де халықаралық деңгейдегі абыройын арттырып отыр.

Айта кетерлігі, Айбол Слямбеков 2017 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Жоғары колледжіне оқуға түсіп, 2020 жылдан бастап Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білімін жалғастырды. Қазіргі таңда ол «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша 1-курс магистранты. Университет қабырғасында алған білім мен кәсіби қолдау спортшының спорттық шеберлігін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беріп келеді.

Өткен жылы, 12–15 қараша аралығында Қытай Халық Республикасының Хайнань аралында өткен гір спортынан әлем чемпионатында Айбол Слямбеков 73 келі салмақ дәрежесінде серпе, жұлқа және ұзын цикл көтеру жаттығулары бойынша 2 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, әлем чемпионатының 9 дүркін жеңімпазы атанды. Бұл жетістік Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ студенттерінің халықаралық спорт аренасындағы әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айбол Слямбековтің спорттағы табысты жолы – табандылықтың, жүйелі еңбектің және жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Университет магистрантының халықаралық деңгейдегі жетістіктері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің спорттық имиджін нығайтып, жастарды салауатты өмір салтына, биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіріп отыр.