17 ноября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY МАҚТАНЫШЫ: БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТІ ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Өткен демалыс күндері Қытайдың Хайнань қаласында жастар арасында гір көтеру спорты бойынша әлем чемпионаты өтті. Бұл додада Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Нұрым Дидарұлы ерекше көзге түсіп, жоғары нәтижелерімен ел мерейін асырды. Әлемнің әр түкпірінен келген мықты жас спортшылар қатысқан жарыста Amanzholov University атынан сынға түскен студент басты сенсациялардың бірі болып, топ жарды.

«Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының бірінші курс студенті өз салмағында (73 кг дейін) екі алтын медаль жеңіп алып, екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Алғашқы сын — қос 24 кг гір тасын ұзақ циклде көтеру бойынша Нұрым 53 рет нәтиже көрсетіп, барлық қатысушылардан озып шықты.Екінші жаттығу — 24 кг гір тасын жұлқа көтеру кезеңінде ол 163 рет көтеріп, шеберлігін, күшін және төзімін дәлелдеді. Бұл көрсеткіш оған алтын медаль ғана емес, жаңа рекорд орнатуға мүмкіндік берді.Осылайша, бір турнирдің ішінде Нұрым Дидарұлы жоғары дайындық деңгейін, мықты спорттық мінезін және әлемдік деңгейдегі атлеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын дәлелдеді.

Айта кету керек, Нұрым Дидарұлы гір көтеру спортын бар-жоғы төрт жыл бұрын ғана қолға алған. Соған қарамастан, ол қысқа мерзім ішінде айтарлықтай табыстарға жетті: Қазақстан Республикасының спорт шебері; Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль иегері атанған.Жас спортшының қарқынды дамуы мен тұрақты жоғары нәтижелері зор құрметке лайық.

Университет басшылығы, оқытушылары мен студенттері Нұрым Дидарұлының халықаралық аренадағы жарқын жеңісін зор мақтанышпен атап өтеді және алдағы спорттық белестерде сәттілік тілейді.