24 декабря 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫСЫ — «ҮЗДІК КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУШІ – 2025» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 2025 жылғы 24 желтоқсанда Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде Шығыс Қазақстан облысының Кәсіптік білім беру орталығының ұйымдастыруымен өңір колледждері арасында «Үздік кәсіптік бағдар беруші» облыстық байқауы өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты — кәсіптік бағдар беру саласындағы үздік мамандарды анықтау және қолдау, кәсіптік бағдар жұмысының тиімді әрі заманауи түрлерін іздеу, сондай-ақ өңірлік еңбек нарығының сұранысына сай қажетті мамандықтарды кеңінен насихаттау.

Байқау қорытындысы бойынша 2025 жылдың үздік кәсіптік бағдар берушілері мен жүлдегерлері анықталды: I орын — Лейла Асылхан, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжі; II орын — Сымбат Абдрахманова, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі; III орын — Альфия Токтасинова, Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж.

Сонымен қатар байқаудың арнайы номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды: «Үздік бейнеролик» — Мади Құдайбергенев, Өскемен жоғары политехникалық колледжі; «Кәсіптік бағдар бойынша үздік жоба» — Майна Лисовцова, Алтай ауданының ауылшаруашылық колледжі; «Үздік кәсіптік бағдар беруші» — Олег Бухов, Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT-колледжі.
Байқау жеңімпаздарының үздік тәжірибелері мен озық жобалары Шығыс Қазақстан облысының мектептері мен колледждерінде кеңінен енгізіліп, таратылатын болады.

Ұйымдастырушылар байқауға қатысқан барлық қатысушыларға кәсібилігі, шығармашылық ізденісі және өңірдегі кәсіптік бағдар беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілейді.