4 февраля 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY РЕКТОРЫНЫҢ МАҚАЛАСЫ «КАЗАХСТАНСКАЯ ПРАВДА» ГАЗЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНДЫ

«Казахстанская правда» республикалық газетінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ректоры Мұхтар Төлегеннің жаңа Конституцияның маңызына арналған мақаласы жарық көрді. Жарияланымда еліміз үшін стратегиялық мәні бар негізгі құжат – Қазақстан Республикасының Конституциясы және оны жаңғырту үдерісі жан-жақты талданады.

Мақалада Конституцияның мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің өзегі екені, оның мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының, ішкі және сыртқы саясаттың стратегиялық даму бағыттарын айқындайтыны, сондай-ақ әкімшілік, азаматтық, қылмыстық-процестік, еңбек және өзге де құқық салаларын реттеудің негізін қалыптастыратыны атап өтіледі. Негізгі заң мемлекеттіліктің берік іргетасы, құқықтық жүйенің тірегі әрі заңдардың бастауы ретінде сипатталады.

Материалда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудағы тарихи маңызына ерекше назар аударылған. Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамалары жаңа Конституция жобасында нақты құқықтық мазмұнға ие болып, мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық бағдары ретінде айқындалғаны көрсетіледі.

Жаңа Конституция жобасының жарты жыл бойы жан-жақты зерделеніп, қоғамда кеңінен талқылануы оның маңыздылығын айқындайды. Осы кезеңде шамамен 2000-ға жуық ұсыныс түсіп, олардың барлығы мұқият қаралған. Нәтижесінде Конституциялық комиссия Конституцияның 77 бабына, яғни оның 84 пайызына өзгерістер енгізуді ұсынған. Бұл бастама қоғам тарапынан қолдау тапқан.

Мақалада қоғамдық талқылауға шығарылған жаңа Конституция жобасы мемлекеттіліктің іргелі негіздерін қайта қарастырып қана қоймай, елдің дамуының жаңа сапалық кезеңіне өтуіне жол ашатыны атап өтіледі. Ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, билік институттарының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Конституциялық реформалардың басты өзегі – адам құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту екені ерекше көрсетіледі. Бұл азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекеттің басты мақсаты – халыққа қызмет ету, ал Конституция осы қағидаттың берік құқықтық тірегі ретінде айқындалады.

Жарияланымда «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарының Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Конституция деңгейінде жүйелі түрде бекітілуі аса маңызды әрі жауапты қадам ретінде бағаланады.

Сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған 16-1-баптың жаңа редакциясына ерекше назар аударылған. Онда кінәсіздік презумпциясы, бір құқықбұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға жол бермеу, сондай-ақ адамның өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігі нақты бекітілген. 17–21-баптардың жаңартылған мазмұны адам ар-намысы мен қадір-қасиетінің қолсұғылмастығын және осы сияқты әрекеттерге толық тыйым салуды көздейді.

Материалда жаңа Конституция жобасының білім мен ғылым саласы үшін де маңызы атап өтіледі. Университеттер елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті тәрбиелейтін маңызды орта ретінде сипатталады. Академиялық еркіндік пен пікір алуандығы Конституция жобасында бекітіліп отырған негізгі құндылықтармен тікелей үндеседі.

Мақала қорытындысында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен жаңа Конституция жобасы Әділетті Қазақстанды құру жолындағы шешуші қадам екені атап өтіледі. Бұл тарихи құжаттың тағдыры жалпыұлттық референдумда қабылданатын ортақ шешім арқылы айқындалатыны, әрбір азаматтың белсенді ұстанымы болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік екені көрсетілген.