16 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ НАУРЫЗҒА ОРАЙ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІ САХНАЛАДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының 6В01703 «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері қатысты.

Іс-шара барысында студенттер мен университет қонақтарына қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен таныстырылды. Әсіресе «Тұсау кесу» және «Бесікке бөлеу» сияқты маңызды ғұрыптық дәстүрлерге ерекше назар аударылып, олар театрландырылған көрініс форматында сахналанды.

Көрініс барысында студенттер бұл дәстүрлердің мәні мен символдық маңызын, сондай-ақ олардың қазақ мәдениетіндегі тәрбиелік рөлін жан-жақты түсіндірді. «Тұсау кесу» рәсімі баланың алғашқы қадамын білдіреді. Бұл кезде сәбиге өмір жолы ашық, болашағы жарқын болсын деген ізгі тілектер айтылады. Ал «Бесікке бөлеу» дәстүрі жаңа туған сәбиді бесікке салу рәсімін таныстырып, оның қазақ отбасындағы мәдени және тәрбиелік маңызын көрсетеді.

Іс-шараға қатысушылар ұлттық киімдер киіп, дәстүрлі ғұрыптарды әсерлі түрде сахналады. Бұл көрермендерге қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысып, ұлттық құндылықтардың маңызын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.

Мерекелік бағдарлама Наурыздың ерекше рухын жеткізіп, студенттер арасында ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, мәдени мұраға құрметпен қарауға және рухани құндылықтарды сақтауға бағытталды.