10 декабря 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОНЛАЙН-БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕЛІ БОЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Шет тілдері және аударма ісі кафедрасының студенттері академиялық және ғылыми әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, халықаралық деңгейде жетістікке жетті. Нижний-Новгородтағы Н.И. Лобачевский атындағы мемлекеттік университет ұйымдастырған VIII Халықаралық онлайн-байқауда Students’ Science (Студенттік ғылым) бағыты бойынша біздің студенттер 3-орынға ие болды.

Байқауға әлемнің түрлі жоғары оқу орындарынан жас зерттеушілер, тіл мамандары мен болашақ аудармашылар қатысты. Қатысушылар шетел тілдерін меңгеру, аударма әдістері, лингвистика, мәдениетаралық коммуникация салалары бойынша ғылыми жобаларын ұсынды. Қазылар алқасы жұмыстарды зерттеу деңгейі, ғылыми жаңалық, мазмұнды баяндау және презентация сапасы бойынша бағалады.

Университет атынан екінші курс «Шет тілдері ІР» және үшінші курс «Шет тілі: екі шет тілі» мамандықтарының студенттері бақтарын сынап, бірнеше кезеңнен тұратын ғылыми сынақтан сүрінбей өтті. Олар ғылыми мақалаларын қорғап, жобаларының нәтижесін ұсынды, сұрақтарға ағылшын тілінде еркін жауап беріп, кәсіби дайындықтарын көрсетті.

Жетістік – университет тұрақты жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының, оқу үдерісінің тиімді әдістермен ұйымдастырылуының және профессор-оқытушылар құрамының үлкен еңбегінің көрінісі. Студенттер халықаралық талапқа сай дайындалып, жобаларды талдауға, дәлелдеуге, ұсыныс жасауға машықтанған.

Бұл жеңіс – студенттердің тынымсыз еңбегі мен жоғары жауапкершілігінің, сондай-ақ университеттің сапалы білім беруге бағытталған стратегиялық жұмысының нақты нәтижесі.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ болашақта да шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып, академиялық ұтқырлық пен ғылыми әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлуді жалғастыратын болады.