17 ноября 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ICPC 2025 ЖАРЫСЫНДА ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТІП, ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Халықаралық деңгейдегі ең ірі бағдарламалау сайыстарының бірі – ICPC (International Collegiate Programming Contest) 2025 жылы да әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған дарынды жастарды біріктірді. Биылғы жылы жарысқа шамамен 155 команда қатысып, олардың ішінен 37 команда іріктеу кезеңінде жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сол үздіктердің қатарында Қазақстанның 37 командасы бар, әрі олардың бірі – Аманжолов университетінің командасы.
15-қараша күні Семей қаласында өткен ICPC 2025 өңірлік кезеңінде Amanzholov University-дің компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының студенттері өз шеберліктерін асқан сенімділікпен көрсетіп, екінші орын иеленді. Бұл жетістік – халықаралық деңгейде өңір намысын қорғап, университет мәртебесін көтерген айрықша нәтиже.
ICPC – әлемдегі ең беделді командалық бағдарламалау додасы. Оған 103 елден 3 мыңнан астам университет пен он мыңдаған студент қатысады. Сайысты Бэйлор университеті ұйымдастырады, ал жарыстың басты мақсаты – талантты жастардың өзара тәжірибе алмасуына, бірігіп жұмыс істеуіне және IT саласындағы әлеуетін дамытуына мүмкіндік жасау. Жарыс барысында командалар алгоритмдік есептерді шешу дәлдігі мен жылдамдығы бойынша бағаланады. Бұл дода логикалық ойлау, командамен жұмыс, уақытты тиімді басқару және күрделі мәселелерді шешу дағдыларын қалыптастырып, кез келген салада аса қажет қабілеттерді дамытады.
Семей қаласындағы іріктеу кезеңінде барлығы алты команда бақ сынады: Аманжолов университетінің екі командасы, Шәкәрім университеті, Әлихан Бөкейхан университеті және С. Торайғыров атындағы Павлодар университетінің командалары. Нәтижесінде біздің студенттер жоғары кәсібилігімен ерекшеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Amanzholov University командасының құрамында Жумабек Рустем мен Чериязданов Асхат – «6В06102 – Ақпараттық жүйелер», сондай-ақ Мақсатұлы Мерхат – «6В06101 – Робототехника және жасанды интеллект» білім беру бағдарламаларының студенттері бар. Командаға білікті тәлімгер, сениор-лектор Уалханова А.Т. жетекшілік етті. Оның тәжірибесі мен қолдауы студенттердің жоғары деңгейде өнер көрсетуіне ерекше ықпал етті.
Бұл жетістікке университет басшылығының қолдауы да маңызды рөл атқарды. Ректорат білім алушылардың дайындалуына жасалған жағдайларды жақсартып, materialдық-техникалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Осындай жүйелі жұмыс студенттердің халықаралық сахнада сенімді өнер көрсетуіне мүмкіндік берді.
Amanzholov University студенттері халықаралық деңгейде IT саласының дамуына өз үлесін қосып, ел намысын абыроймен қорғап келеді. ICPC 2025 нәтижесі – университетіміздің білім беру сапасының жоғары деңгейін, оқытушылардың кәсібилігін және студенттердің табандылығын айқын көрсететін маңызды жетістік.

