16 октября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ «ҚАЗЦИНК» КӘСІПОРЫНЫНДА БОЛДЫ

Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасының студенттері оқу-өндірістік практика аясында «Казцинк» ЖШС құрамына кіретін Өскемен металлургия кешеніне барды.

Іс-шара Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті мен университеттің экология және география кафедрасының бірлескен ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік декларациясының 35 жылдығына арналған республикалық медиа-жоспар аясында өткізілді.

Экскурсияның негізгі мақсаты – студенттерді өндірістік экология саласындағы мониторинг және бақылау жүйесімен таныстыру.

Іс-шара барысында кәсіпорын мамандары металлургиялық өндірістің негізгі экологиялық аспектілері, қоршаған ортаға әсерді азайту шаралары және өндірістік қалдықтарды басқару жүйесі туралы айтып берді. Сондай-ақ табиғатты қорғау мақсатында қолданылатын заманауи экологиялық менеджмент технологиялары мен тәжірибелері таныстырылды.

Студенттердің айтуынша, мұндай тәжірибелік іс-шаралар кәсіби көзқарасты кеңейтіп, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.