25 августа 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕР ҮЙІНЕ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында жатақханаларға кешенді мониторинг жүргізілді. Арнайы жұмыс тобы оқу орнына қарасты жатақханаларды аралап, ондағы санитарлық, тұрмыстық және қауіпсіздік талаптарының орындалу барысымен танысты.

Мониторингке Өскемен қалалық мәслихатының депутаттары Айдос Әділбеков пен Бақытжан Ербол, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Қорлан Тугамбаева, ШҚО студенттік омбудсмені, «Жас орта» жастар қанатының төрайымы Ляйла Төлеубекова, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.

– Студенттер үйінде білім алушылардың күнделікті тұрмысына қажетті жағдай жасалған. Жаңа матрас пен көрпе-жастықтар алынды, төсек-орын айына үш рет ауыстырылады. Студенттердің жайлы өмір сүруі үшін демалыс бөлмелеріне жаңа үстел-орындықтар әкелінді. Барлығына жеткілікті болатындай кір жуғыш машиналармен қамтамасыз етілген, – деді тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина.

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Әр ғимараттың бұрышына, ішіне барлық ракурсты қамтамасыз ететіндей бейнебақылау камералары орнатылған. Өрт қауіпсіздігі жүйесі ай сайын тексеріліп, техникалық талаптарға сай жұмыс істеп тұр. Жаз айларында үш рет дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, санитарлық нормалардың сақталуына ерекше мән берілген.
Сонымен қатар, студенттердің әлеуметтік және психологиялық қолдауына жағдай жасалған. Жатақханаларда психолог қызмет көрсетіп, ахуалдық орталық үздіксіз жұмыс істейді.

Жұмыс тобы жатақханалардың жалпы жағдайына оң баға беріп, инфрақұрылымның жыл сайын жүйелі түрде жақсарып келе жатқанын атап өтті.