25 ноября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ БІР ТУРНИРДЕ ЕКІ ЖҮЛДЕ ЖЕҢІП АЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Құқықтану» білім беру бағдарламасының екінші курс студенті Дарын Сансызбаев Семей қаласында өткен грэпплинг және джиу-джитсу бойынша республикалық турнирде екі алтын медаль жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Риддер қаласында өткен жарыста да Дарын өз нәтижесін қайталап, осы екі спорт түрі бойынша 66 кг салмақ дәрежесінде тағы да бірінші орынға ие болды.

Дарынның жекпе-жек спорттарымен айналысып келе жатқанына сегіз жыл болған. Ол — грэпплингтен спорт шеберлігіне кандидат, Азия чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ халықаралық және республикалық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері.

Спортшының айтуынша, оны жекпе-жек спорттарына тартытатыны тек физикалық дайындық қана емес, ішкі тәртіп, өзін дамыту және қарсыласқа деген құрмет.

«Мұнда тек физикалық басымдық емес, мінез, өзін-өзі бақылау және табандылық маңызды. Әр жаттығу — өзіңе жақындау, өзіңнің ең мықты нұсқаңа бір қадам», — дейді Дарын Сансызбаев.

Дарынның алға қойған мақсаты — әлем чемпионы атанып, Қазақстан туын әлемдік аренада желбірету. Ол өзін тек спортшы ретінде ғана емес, тұлға ретінде де дамытуға ұмтылады, өзгелерге үлгі болуды көздейді.

Белсенді спорттық өмірге қарамастан, Дарын оқуын да табысты алып жүр. Университет тарапынан қолдау көрсетіліп, оқытушылар жарыстарға қатысуын түсіністікпен қабылдайды, жіберіп алған сабақтарын толықтыруға көмектеседі. Дарын жоғары академиялық көрсеткішін сақтауға тырысады және жеңіс тек татамиде ғана емес, білімде де маңызды екенін атап өтеді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студент-спортшыларының жетістіктерін зор мақтанышпен атап өтеді. Себебі әрбір жеңістің артында спортшының еңбегі мен табандылығы ғана емес, оқытушылардың қолдауы, сенімі және студенттерінің жетістігіне деген қуанышы бар.