28 октября 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ ПОЛЬШАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАП ЖҮР
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы — студенттерге шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға, кәсіби көкжиегін кеңейтуге және халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Бұл бағдарлама жастардың жан-жақты дамуына, олардың мәдени, зияткерлік және кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған.
Осы бағдарлама аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің биология кафедрасы, «Биология-жаратылыстану» БББ 3-курс студенті Алина Қайрбекова Польша Республикасының Адам Мицкевич атындағы университетінде (Uniwersytet im. Adama Mickiewicza, UAM) білім алуда. Бұл оқу орны — Еуропаның жетекші классикалық университеттерінің бірі болып табылады және биология, экология, жаратылыстану ғылымдары саласында беделді зерттеу орталықтарының қатарында.
Алина Қайрбекова — өз мамандығына үлкен қызығушылықпен қарайтын, ізденімпаз әрі мақсатшыл жас. Ол үш тілді еркін меңгерген, ғылыми жобалар мен студенттік бастамаларға белсенді қатысады. Университет қабырғасында алған білімі мен дағдыларын халықаралық деңгейде дамытуға ұмтылып жүрген студент бүгінгі таңда оқу мен мәдени тәжірибені ұштастыра отырып, жаңа жетістіктерге жол ашуда.
«Адам Мицкевич атындағы университетте оқу — менің өмірімдегі ең маңызды тәжірибелердің бірі. Бұл жерде мен жаңа достар тауып, түрлі елдерден келген студенттермен қарым-қатынас орнатудамын. Әр күн жаңа мүмкіндік пен жаңа көзқарас сыйлайды. Бұл бағдарлама менің болашақ кәсіби өсуіме үлкен әсер етеді. Осындай мүмкіндік үшін Аманжолов университетінің басшылығына алғыс білдіремін», — дейді Алина Қайрбекова.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің халықаралық байланыстарын нығайтуға, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына зор ықпал етуде. Мұндай жобалар болашақ мамандардың халықаралық деңгейдегі тәжірибесін арттырып, еліміздің білім беру кеңістігінің беделін көтеретіні сөзсіз.