22 декабря 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ V ПАРАЛИМПИАДАЛЫҚ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Виктор Волков 7–14 желтоқсан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен V Паралимпиадалық Азия ойындарына қатысты.

Спортшының айтуынша, мұндай жоғары деңгейдегі жарысқа қатысу оның өміріндегі ең жарқын әрі есте қаларлық оқиғалардың біріне айналған. Жарыс қарсаңында Виктордың жаттықтырушысы Оксана Макарова үздік бес спортшының қатарына ену міндетін қойған. Бұл талап жарыс барысында үлкен мотивация мен нақты мақсатқа айналған.

— Эмоциялар сөзбен жеткізгісіз болды. Жаттықтырушының осындай сенімі маған өз күшіме сенуге және бар мүмкіндігімді толық көрсетуге көмектесті, — деп бөлісті Виктор Волков.

Паралимпиадалық Азия ойындарының қорытындысы бойынша студент Спорт шебері нормативін орындап, маңызды спорттық нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар, спортшы бұл жетістікпен шектелмей, алда атқарар жұмыс пен жаңа мақсаттардың көп екенін атап өтті.

Виктор Волков университет тарапынан көрсетілетін қолдауды ерекше атап өтті. Оның айтуынша, оқу орнына қабылданған сәттен бастап-ақ жылы әрі қолайлы орта қалыптасып, өзін үлкен студенттік отбасының мүшесі ретінде сезінген.

— Жаттығулар мен оқу-жаттығу жиындары көп уақытты алады, алайда оқытушылар мен топтастарым әрдайым қолдау көрсетіп, көмектеседі, — деді спортшы.

Аманжолов университеті студенттерінің халықаралық деңгейдегі беделді жарыстарға қатысуы – университеттің білім алушылардың жан-жақты дамуына және кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасайтынының айқын дәлелі.