8 сентября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖОЛДАУЫН ТЫҢДАДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да университет басшылығы, қоғам қайраткерлері, профессорлар, педагогтер мен сарапшылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын тыңдады.
Жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы экономиканың дамуы, әлеуметтік қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, көші-қон, кәсіпкерлікті дамыту, инвестицияларды кеңейту және елдегі саяси тұрақтылыққа қатысты маңызды мәселелерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру экономиканың барлық саласын қамтуы тиіс деп ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет 2024 жылғы 11 желтоқсанда өткен Astana Hub жасанды интеллект бойынша Demo Day қорытындысында жарияланған «AI-Sana» инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.

Бүгінде AI-Sana бағдарламасы альма-матерімізде белсенді іске асырылуда. Бағдарлама 100 000 қатысушыны қамтымақ. Соның ішінде универитет студенттері мен оқытушылар құрамы бар.


Бұдан бөлек, ШҚУ базасында STEM-орталық, Robolab зертханалық кабинетімен қатар, материалдық-техникалық қоры мол компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасы бар. «STEM» және «Компьютерлік мехатроника» инновациялық білім беру бағдарламалары енгізілді. Университет студенттері «Робототехника» және «Жасанды интеллект» бағытындағы пәндерді белсенді оқып, жыл сайын әзірлеушілер форумы «Хакатонға» қатысады.


Мемлекет басшысы бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі болып отырған су ресурстары сынды негізгі салаларды білікті кадрлармен қамтамасыз етудің өзектілігін де атап өтті.


Бұған дейін де Президент бірнеше рет су қалдықтарын тазарту инфрақұрылымын жаңғырту және су айдындарының ластану мәселесін шешу қажеттігін айтқан болатын. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары тұрмыстық шаруашылықта да, өндірістік үдерісте де қолдануға болатын инновациялық отандық су тазартқыш сүзгілерді әзірледі. «Су айдындарын тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы Үкіметтің қызығушылығын тудырып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруын жеңіп алды. Нарыққа шығару бір жыл ішінде жоспарланып отыр.
Осы уақыт аралығында ғалымдар тобы техникалық оқытудан өтіп, жаппай өндіріске арналған жұмыс алаңын дайындауы тиіс. Жоба нәтижесінде тұрғындар ауыр металдар, микроағзалар мен органикалық қосылыстар сияқты ластаушы заттарды тиімді әрі үнемді жоюға қол жеткізеді. Алғашқы отандық сүзгілер ресейлік баламаларға қарағанда арзанырақ болады. Тұрмыстық сүзгілердің қызмет ету мерзімі 4–5 айды құрайды.

Сонымен қатар өңірдегі жоғары оқу орнында гидромамандардың жаңа буыны дайындалуда. Кадр дайындау мәселесінің өзектілігін Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті. «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы бірнеше жыл бұрын енгізілді. Оның басты мақсаты – гидроресурстарды мониторингтеу үшін геоақпараттық әдістерді қолдана алатын, су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша экологиялық нормалар мен стандарттарды сақтай отырып жұмыс істейтін кадрларды даярлау.

Осылайша ШҚУ гидрологтар, гидрохимиктер, селтанушылар, гляциологтар және табиғатты пайдаланудағы ГАЖ мамандарының қомақты резервін әзірлеуде.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығына да айрықша назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде жер сапасын анықтау үшін жаңа, «ақылды» және заманауи технологиялар қажет. Мұндай ақпарат табысты арттыру, жерді пайдалану туралы негізделген шешім қабылдау және ойланбай жасалған инвестициялардан қорғау үшін қажет. Бұл ресурстарды тиімді басқаруға, қолайлы дақылдар мен технологияларды таңдауға, сондай-ақ салық салуды және жер телімдерінің нарықтық құнын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ШҚУ ғалымдары бұл міндетті тиімді шешетін ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Жобаның негізінде бес спектрде: қызыл, көк, жасыл, жақын инфрақызыл және орта инфрақызыл диапазонда түсірілім жүргізе алатын мультиспектралды камерасы бар дрон жатыр. Сонымен бірге университетіміздің ғалымдар тобы арамшөптермен күрес үшін жасанды интеллектіні пайдалануды қолға алды. Компьютерлік бағдарлама әртүрлі өсімдік түрлерін, соның ішінде арамшөптерді таниды. Кейін басқа алқаптардың фотосуреттерін оқу барысында бағдарлама арамшөптің бар-жоғын, олардың орналасқан жерін және таралған аумағын автоматты түрде көрсетеді. Әрбір ауыл шаруашылығы кәсіпорны бойынша осындай карта жасауға болады. Айта кетейін, жер – саланың инвестициялық тартымдылығының негізгі элементі. Ғылыми жобалар оның дамуына баға жетпес үлес қосуда.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Белгілі болғандай, біздің кәсіпкерлеріміз Еуразиялық экономикалық одақтағы басқа елдердің кәсіпорындарымен салыстырғанда мемлекеттен қажетті көлемде қолдау алмай отыр. Сондықтан олар тиімсіз жағдайда қалып, өз нарығын да бәсекелестеріне беруге мәжбүр. Атап айтқанда, әңгіме сүт өндірушілер туралы» деді. ШҚУ ғалымдары сүт өнеркәсібіндегі баға өсімінің себептерін – жоғары логистикалық шығындар мен делдалдардың қатысуын жан-жақты зерттеп, бұл мәселені шешуге бағытталған инновациялық жоба әзірледі. Ғылыми қызметкерлер шағын фермерлік шаруашылықтардың өнімдерін тікелей нарыққа жеткізу үшін цифрлық логистиканың мүмкіндіктеріне сүйене отырып, тиімді тетіктерді ұсынады. Басты мақсат – шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарына, ал одан әрі дүкендерге жедел әрі тиімді жеткізу үшін IT-технологиялар, сенсорлар мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу. Нәтижесінде сүттің өзіндік құнын төмендетудің нақты мүмкіндігі пайда болады. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды кеңінен енгізу шағын фермерлік шаруашылықтарға неғұрлым тиімді әрі тұрақты жеткізу әдістерін қолдануға мүмкіндік береді, отандық өндірушілердің нарықтағы позициясын нығайтып, халықтың өмір сапасын арттырады.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы еліміздің дамуына айқын бағыт беріп, жаңа мүмкіндіктер ашып, қоғамның барлық топтарын инновациялық әрі әділетті мемлекет құруға белсенді қатысуға ынталандырады деп атап өткім келеді.
Әсіресе, Мемлекет басшысының цифрландыруға, ғылым мен білімді қолдауға, сондай-ақ су ресурстары, агроөнеркәсіп кешені және кәсіпкерлік сияқты негізгі салалардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті әрі салмақты саясаты ерекше құрметке лайық. Мұндай жүйелі және мақсатты жұмыс ұлттық экономиканың өсуіне, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға жағдай жасайды.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Президент қойған міндеттердің жүзеге асуына белсенді түрде қатысып отырғанын мақтан тұтады. Біздің университет заманауи білім беру бағдарламаларын және инновациялық технологияларды енгізіп қана қоймай, мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, практикалық қолданысқа енетін ғылыми зерттеулерді де дамытып келеді. Жасанды интеллект, экология, цифрлық логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалардың жүзеге асуы университетіміздің жоғары ғылыми әлеуетін және ел дамуына елеулі үлес қосуға дайындығын дәлелдейді.
Біз әрі қарай да Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, ғылым, білім және билік арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың үлгісін көрсете отырып, еліміздің өркендеуіне бағытталған ұлттық мақсаттарды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуға ниеттіміз.

 

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген