26 ноября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ НОРМАЛАРЫН ІСКЕ АСЫРУ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасы ҚР Қызыл Ай қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалымен бірлесіп «Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын іске асыру және Қызыл Ай қоғамының практикалық қызметі» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шара барысында Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының оқытушысы Асель Омарқанова Халықаралық гуманитарлық құқық пен Қазақстан Қызыл Ай қоғамының өзара әрекеттесу негізіндегі құқықтық мәртебесі мен гуманитарлық миссиясы туралы баяндады.

ШҚО Қызыл Ай қоғамының өкілі Шолпан Қасенова Қызыл Ай қоғамы әлемдегі ірі гуманитарлық қозғалыстың ажырамас бөлігі болып табылатынын және оның принциптерін ұлттық деңгейде жүзеге асыру мен насихаттауда негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Ол Ұлттық қоғамның міндеті — жоғары құқықтық нормалар мен қиын жағдайға түскен адамдардың нақты қажеттіліктері арасындағы байланысты қамтамасыз ету екенін айтты.

Семинар барысында ШҚУ студенттік волонтерлік клубтары «Шуақ» пен «Мейірім» өз қызметтерімен таныстырып, әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға қатысу тәжірибелерімен бөлісті.