11 декабря 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY: «ШАШБАУЛЫМ–2025» ҰЛТТЫҚ АРУЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Аманжолов университетінде ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Шашбаулым» арулар байқауы жоғары деңгейде өтті. Байқауға қатысқан арулар өздерінің қазақы болмысын, сахна мәдениетін, өнері мен білімін танытып, көрермендерге ұлттық салт-дәстүрдің әсемдігін паш етті. Шара көтеріңкі көңіл күйде өтіп, қатысушылар мен қонақтардың жүрегінде жарқын әсер қалдырды.

Байқау бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды. Арулар ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көрсетіп, қазақ қызының ибалы болмысы мен нәзік келбетін сахнада сомдады. Сонымен қатар, өнер сайысында қатысушылар ән айтып, би билеп, күй шертіп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.

Зияткерлік бөлімде аруларға қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық мұрасы мен тарихы туралы сұрақтар қойылып, олар өз білім деңгейін жан-жақты көрсетті. Көрермендер қатысушылардың тапқырлығына, ой ұшқырлығына, сауатты жауаптарына тәнті болды.

Байқау соңында қазылар алқасының шешімімен «Шашбаулым–2025» атағына Бибіфатима Михаил лайық деп танылды. Ол өз өнерімен, табиғи сымбатымен және терең білімділігімен ерекшеленіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

«Шашбаулым» байқауы Amanzholov University ұжымы мен студенттері үшін ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, жастарды салт-дәстүрді қадірлеуге шақыратын маңызы зор іс-шара ретінде есте қалды.