19 декабря 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ ӘЗІРБАЙЖАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен «Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмін өңірлік интеграциялау: топонимдер этимологиясы мен жергілікті аңыз-әфсаналарды цифрландыру» атты нысаналы бағдарламалық ғылыми бастама аясында 2025 жылғы 9 желтоқсанда Әзірбайжан тілдер университетінің Түркі әлемін зерттеу орталығында халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Зерттеу жобасының тақырыптары бойынша ғылыми баяндамалармен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының өкілдері сөз сөйледі: филология ғылымдарының докторы, профессор Айжан Картаева, кафедра меңгерушісі Карлығаш Барбосынова, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүл Алимхан және сениор-лектор Жазира Каирбаева.

Семинар барысында Шығыс Қазақстан өңірінің әдеби-мәдени мұрасын зерттеу, топонимдердің тарихи-этимологиялық табиғаты, географиялық атаулардың өңірлік лингвистикалық туризмді дамытудағы рөлі, сондай-ақ жергілікті аңыз-әфсаналар мен фольклорлық материалдарды жинау және оларды заманауи цифрлық форматта ұсыну мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар қазақ және басқа да түркі халықтарына ортақ мәдени-рухани кеңістікті бейнелейтін топонимдік бірліктерге салыстырмалы-тарихи талдау жасауға ерекше назар аударды. Пікірталас барысында цифрлық платформаларды пайдалана отырып әдеби және лингвистикалық туризм бағыттарын қалыптастыру, сондай-ақ жергілікті аңыздар мен аңыз-әңгімелерді білім беру үдерісінде тиімді қолдану жолдары талқыланды.

Сонымен қатар, екі жоғары оқу орнының ғалымдары арасында ғылыми ынтымақтастықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, ортақ оқу-әдістемелік құралдар мен монографиялар дайындау, сондай-ақ ғылыми мақалаларды бірлесе жариялау мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Өткізілген семинар халықаралық ғылыми өзара ықпалдастықты нығайтуға және әдеби әрі лингвистикалық туризм саласындағы зерттеу әлеуетін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.