27 марта 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ: БАКУҒА САПАР
2026 жылдың наурыз айында экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жібек Рахметулина «Адами капиталды басқару, цифрлық экономика жағдайында еңбек ресурстарының сапасын арттыру» атты ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университеті-не (Баку қ.) шетелдік ғылыми іссапармен барып қайтты.
Іссапардың негізгі мақсаты – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен UNEC арасындағы халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту, сондай-ақ адами капиталды зерттеу және цифрлық экономика жағдайындағы еңбек нарығының трансформациясы бағытындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту болды. Сапар барысында ғылыми семинарлар, шетелдік зерттеушілермен жұмыс кездесулері өткізіліп, жұмыспен қамту саласындағы цифрлық өзгерістерді зерттеудің ғылыми нәтижелері мен әдіснамалық тәсілдерімен алмасу жүзеге асырылды.
Іссапар аясында UNEC-тің Орыс экономикалық мектебінің профессорлық-оқытушылық құрамымен әдістемелік семинарлар ұйымдастырылды. Кездесулер барысында цифрлық экономика саласындағы құзыреттерді дамыту және еңбек нарығын талдау мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, аталған мектептің басшылығымен бірқатар жұмыс кездесулері өтті. Атап айтқанда, мектеп директоры, э.ғ.к., доцент Бархударов Мансур Иса оглы, директордың орынбасары, э.ғ.д., доцент Гаджиева Лейла Ариф, сондай-ақ «Цифрлық технологиялар және қолданбалы информатика» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., доцент Аббасова Севиндж Агамамедпен келіссөздер жүргізілді.
Кездесулер барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми жарияланымдар мен зерттеулер жүргізу перспективалары талқыланды. Бұдан бөлек, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Юсибов Расул және осы бөлімнің маманы Джалилова Гюнельмен кездесу өтті.
Келіссөздер барысында институционалдық өзара іс-қимылды кеңейту, халықаралық бағдарламаларға қатысу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар, іссапар барысында Жібек Рахметулина Баку қаласының ғылыми және университеттік кітапханаларын аралап, далалық зерттеулер жүргізді. Онда аналитикалық және статистикалық материалдар жиналып, цифрлық құзыреттерді дамыту мен адами капиталды басқарудың халықаралық тәжірибелері зерделенді.
Ғылыми сапар қорытындысы бойынша 2026 жылғы 4–5 мамырда өтетін «Цифрландыру жағдайындағы әлемдік экономиканың жаңа трендтері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысу жоспарлануда. Аталған конференция Қонаев университеті, UNEC (Баку) және Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті бірлесіп ұйымдастырады.
Шетелдік ғылыми іссапар нәтижелері ғылыми жобаны жүзеге асыруда маңызды қолданбалы мәнге ие. Сапар барысында алынған материалдар, аналитикалық деректер мен халықаралық тәжірибе адами капиталды бағалаудың ғылыми-әдістемелік тәсілдерін әзірлеуде, еңбек нарығы трансформациясының модельдерін қалыптастыруда және цифрлық экономика жағдайында еңбек ресурстарын басқару құралдарын жетілдіруде пайдаланылатын болады.
Шетелдік әріптестермен орнатылған ғылыми байланыстар мен қол жеткізілген келісімдер бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми жарияланымдар дайындауға және жоба нәтижелерін халықаралық деңгейде сынақтан өткізуге негіз қалайды.
