26 августа 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY ӘДІЛ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯНЫҢ РӨЛІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Университетте «Әділ қоғам қалыптастырудағы Конституцияның рөлі» атты ауқымды облыстық конференция өтті. Шараға мемлекеттік органдардың, сот және құқық қорғау жүйесінің өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен жастардан құралған 250 адам қатысты. Атап айтқанда, облыстық сот төрағасы Манат Комиршинов, облыс прокуроры Алмат Байшолақов, сондай-ақ ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.
Шара барысында университет ректоры Мұхтар Төлеген Конституция – елдің даму мен тұрақтылықтың негізі екенін атап өтті.
— Конституция — мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесінің негіздерін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін негізгі заң. Бүгінде еліміздің Конституциясы заң үстемдігі мен демократия қағидаттарын бекітіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті айқындап, реформалар жүргізу мен мемлекеттілікті нығайтудың құқықтық негізін қамтамасыз етеді. Бұл – қоғам мен мемлекеттің өркендеуіне бағытталған басты міндеттер, — деді жоғары оқу орнының бірінші жетекшісі.
Мазмұнды баяндамаларымен С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байркенова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің ШҚО бойынша өкілі Серік Мизанбеков, Өскемен қалалық полиция басқармасының Сол жағалау бөлімінің тергеушісі Шынар Шотпанова да сөз сөйледі.
Спикерлердің баяндамаларында соңғы жылдардағы конституциялық реформаларға, олардың мәні мен бағасына, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың айтуынша, негізгі заңға енгізілген соңғы өзгерістер Қазақстанның демократиялануға, саяси жаңғыруға және мықты институттар мемлекеті болуға бағытталғанын көрсетеді.
— Соңғы реформалардың нәтижесінде билік тармақтары теңгерімді жүйеге көшті. Мұнда адам — басты құндылыққа айналды, ал оның құқықтарын қорғау — мемлекеттің басты міндеті саналады, — деді Гүлмира Байркенова.
Қатысушылардың пікірінше, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да өткен конференция құқықтық мәдениетті нығайтуға, мемлекеттік органдар, қоғам және жастар арасындағы диалогты дамытуға бағытталған маңызды оқиға болды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында жалпыұлттық референдумда қабылданған болатын және содан бері бірнеше рет жетілдіріліп, қоғам мен елдің саяси жүйесінің даму барысын көрсетіп келеді.









