4 сентября 2025


ШҚУ ПРОФЕССОРЫНЫҢ АВТОРЛЫҚ КУРСЫН ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ МАҚҰЛДАДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде инклюзивті білім беру саласындағы маңызды ғылыми-әдістемелік жоба ресми түрде мақұлданды. Университеттің Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Юлия Кукина әзірлеген «Инклюзивті білім беру жағдайында оқу процесін ұйымдастыру» атты біліктілікті арттыру курсын ҚР Оқу-ағарту министрлігі мақұлдады. Бұл курс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұйрығының негізгі талаптарына сәйкес келеді.

Аталған курс ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерге арналып жасалған және 108 сағатқа жоспарланған. Енді бұл оқу бағдарламасы еліміздің жалпы орта білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің кәсіби даярлығын арттыруға бағытталып, отандық инклюзивті білім беру кеңістігін дамытуға нақты үлес қоспақ.

— Курс мазмұны мен құрылымы министрлік белгілеген әдістемелік және мазмұндық талаптарға толығымен сәйкес келеді. Бұл — автор еңбегінің сапасын ғана емес, сондай-ақ Amanzholov University профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті мен тәжірибесінің жоғары деңгейін көрсетеді. Университет мамандары әзірлеген әдістемелік материалдың ұлттық деңгейде қолданысқа енуі жоғары оқу орны ұжымы үшін ғана емес, бүкіл өңірлік білім беру саласы үшін маңызды жетістік, — ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Инклюзивті білім беруді дамыту — С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың білім беру саясаты мен ғылыми қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Университет тек теориялық емес, практикалық тұрғыда да бұл саланы жетілдіруге белсенді қатысып келеді. Ұжым алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысын жүйелі жалғастырып, елдік деңгейдегі бастамаларға үлес қосуды мақсат етіп отыр.