5 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНДА «BIOVISION AI» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Цифрландыру қарқынды дамыған қазіргі кезеңде биология ғылымдары жасанды интеллектпен ұштасып, жаңа зерттеу бағыттары мен ғылыми мүмкіндіктерге жол ашуда. Осындай трендті қолдау мақсатында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің биология кафедрасында «BioVision AI» атты университетішілік студенттік шығармашылық жобалар байқауы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – биологиялық ғылымдарда жасанды интеллект технологияларын қолдануды насихаттау және студенттердің ғылыми әлеуетін арттыру.
Байқауға 1–4 курс студенттері қатысып, жеке және командалық форматтағы жобаларын ұсынды. Қатысушылар теориялық білімдерін практикалық іске айналдырып, ғылыми талдау, зерттеу дағдыларын көрсетіп қана қоймай, инновациялық ойлау мен цифрлық құралдарды меңгеру деңгейін дәлелдеді.
Байқауға ұсынылған жұмыстар мазмұнының кеңдігімен және өзектілігімен ерекшеленді. Жобалар келесі бағыттарды қамтыды өңір биологиялық әртүрлілігін зерттеуде ЖИ қолдану; адамның генетикалық ерекшеліктері мен тұқымқуалаушылық мәселелері; биологиялық білімді танымал етуге арналған цифрлық платформалар мен құралдар әзірлеу.
Барлық жобалар «Омыртқасыздар зоологиясы», «Генетика», «Биологияны оқыту әдістемесі», «Өсімдіктер мен жануарлар экологиясы» пәндерінің силлабусындағы тақырыптар негізінде орындалды. Бұл студенттерге теорияны практикамен ұштастыруға, нақты ғылыми шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді.
Жұмыстар өзектілік, ғылыми жаңашылдық, жасанды интеллектті интеграциялау деңгейі және презентация сапасы бойынша бағаланды. Қорытындысында жеңімпаздар ГРАН-ПРИ, I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Үздік деп танылған жобалар алдағы уақытта университеттік және республикалық деңгейдегі сайыстарға жолдама алды.
«BioVision AI» – болашақ зерттеушілер алаңы. Бұл байқау студенттер үшін тек ғылыми жоба презентациясы емес, тәжірибе алмасу, жаңа идеялар туғызу және биологиядағы заманауи технологияларды меңгерудің маңызын түсінуге мүмкіндік беретін зияткерлік алаң болды.
«BioVision AI» бастамасы алдағы уақытта биология ғылымы мен жасанды интеллект тоғысында жаңа стартаптар мен зерттеулерге негіз болары сөзсіз. Аманжолов университетінің қабырғасында жас ғалымдарды қолдау әрі инновациялық бағыттарды дамыту жалғасатын болады.




