4 августа 2025


АГРОСЕКТОРДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ЖОБА СҮТ БАҒАСЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Шығысқазақстандық ғалымдар сүт өндірісіндегі бағаның өсу себептерін – логистикалық шығындардың көптігі мен делдалдардың қатысуын – жан-жақты зерттеп, мәселені шешуге бағытталған тың жоба әзірледі.

Amanzholov University ғалымдары цифрлық логистика мүмкіндіктеріне сүйене отырып, шағын шаруа қожалықтарының өнімін тікелей нарыққа жеткізудің тиімді тетіктерін ұсынып отыр. Бұл тәсіл делдалдарды азайтып, тасымалдау шығындарын қысқартуға, сондай-ақ тұтынушыға өнімді қолжетімді әрі сапалы жеткізуге жол ашады.

Жобаның жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, ШҚУ ғалымы Әсел Апышева бұл бастаманың негізгі мақсаты — IT-технологиялар, датчиктер мен автоматтандырылған жүйелерді пайдалану арқылы шикізатты кәсіпорындарға, одан әрі дүкендерге тиімді әрі жылдам жеткізуді қамтамасыз ету екенін атап өтті. Соның нәтижесінде сүт бағасын біршама төмендетуге мүмкіндік туады.

— Жоба арқылы ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды кеңінен енгізу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде шағын шаруа қожалықтарының өнім жеткізудегі тиімді әдістерді қолдануына ықпал етеді. Сонымен қатар, экологиялық стандарттарға сай дайындалған сүт өнімдері халықтың денсаулығына оң әсер етеді, — деді Әсел Ануарбекқызы.

Ғалымның айтуынша, Шығыс Қазақстандағы ірі сүт өңдеу кәсіпорындарында цифрлық логистиканы енгізу әлеуеті жоғары болғанымен, оны толыққанды іске асыру үшін әлі де білікті маркетологтар мен логистика мамандары жетіспейді.

«Цифрлық логистика жағдайында аймақтың агроөнеркәсіп кешеніндегі сүт өнімдері жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тарапынан қолдау тауып, арнайы грант бөлініп, қаржыландыруға ие болды. Бұл өңірлік экономиканы дамытып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ.