3 октября 2025


МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЮ САЛТАНАТЫ – ЖАСТАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде маңызды іс-шара өтті. Университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген мен Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ұлан Наукен екіжақты меморандумға қол қойды. Іс-шараға университеттің білім алушылары қатысты.

Шара барысында ректор Мұхтар Әділбекұлы студенттерге ризашылығын білдіріп, білім алумен қатар азаматтық ұстаным, көшбасшылық және белсенділікті тәрбиелеудің маңызына тоқталды. Ал Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ұлан Наукен «Жастар күні мен бірлігі: ортақ болашақ құрудағы жаңа буынның рөлі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ұйымның қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.

Аталған меморандум жастар бастамаларын қолдауға, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және қоғамдық өмірге қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Университет қабырғасында білім алып жүрген әрбір жас үшін бұл — өз әлеуетін ашып, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға жол беретін зор мүмкіндік.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында университетке 3000-нан астам студент қабылданды. Олардың ішінде 77 «Алтын белгі» иегері, 57 спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер, сондай-ақ халықаралық және республикалық деңгейдегі 25 жүлдегер бар. Университетте студенттердің қызығушылығы мен қабілеттеріне сай 22-ден астам ұйымдар, клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Олардың қатарында «Шабыт» студенттік театры, «Ділмар» пікірсайыс клубы, «Жастар рухы» ұйымы, «Мейірім», «Шуақ» еріктілер клубтары, спорттық және шығармашылық бірлестіктер бар.