11 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ӘЛІБЕК АСҚАРОВТЫҢ ӘДЕБИ КЕЗДЕСУІНЕ ҚАТЫСТЫ

11 мамыр күні Өскемен қаласындағы А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Әлібек Асқаровпен «Өр Алтайдың ойлы қаламгері» атты кездесу кеші өтті.

Тағылымды әдеби кешке Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы қатысып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілімен жүздесу мүмкіндігіне ие болды.

Кеш тізгінін жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақстанның құрметті жазушысы» Әлібек Қаңтарбаев жүргізіп, қаламгердің шығармашылық жолы мен әдебиеттегі орнына кеңінен тоқталды.

Әлібек Асқаров — қазақ прозасына өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Оның шығармаларында Алтай табиғатының асқақтығы, ауыл өмірінің шынайылығы, ұлттық құндылықтар мен қазақы тәрбиенің терең тағылымы көрініс табады. Жазушының «Құтмекен», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биіктігіңді», «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» секілді шығармалары оқырман жүрегінен ерекше орын алған.

Кездесу барысында оқырмандар қаламгердің шығармашылық әлемімен жақын танысып, туған жер, ұлттық рух, әдебиет пен руханият төңірегінде әсерлі әңгімелер тыңдады. Сонымен қатар, жазушы қазіргі қоғамдағы әдебиеттің орны, жастардың кітап оқуға қызығушылығы мен рухани құндылықтардың маңызы туралы ой бөлісті.

Шара барысында студенттер мен оқырмандар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жазушымен еркін пікір алмасты. Әсіресе, қаламгердің шығармашылық ұстанымы мен өмірлік тәжірибесі жастарға ерекше әсер сыйлады.

Кешке өңірдің ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары және әдебиетсүйер қауым қатысты. Залға жиналған көпшілік Әлібек Асқаров шығармашылығына деген зор ықыласын байқатты.

Алтайдың асқақ рухын әдебиет арқылы дәріптеп жүрген қаламгермен өткен тағылымды кездесу шығыстың әдебиетсүйер қауымына ерекше рухани әсер сыйлады.