8 сентября 2023


ҚОҒАМДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ РӨЛІ

    Қазіргі біздің қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін фактор. Бұл қоғамдық дерттің алдын алу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру өте маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана дегеніміз – бұл адамдардың жемқорлық әрекетті әлеуметтік зұлымдық деп қабылдауы. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңмен бекітілген. Соның аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда көптеген әр түрлі шаралар ұйымдастырылып жүзеге асырылып жатыр.
   Жастар – еліміздің болашағы. Қазіргі жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру өте маңызды. Ол үшін олардың бойында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Жемқорлыққа қарсы құқықтық санасы мен мәдениеті қалыптасқан адам оған жол бермейді.
  Осы орайда С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінде білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдағы енгізілген өзгертулермен, нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында 1 курс студенттерімен кездесу өтті.
  С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің комплаенс қызметінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Байркенова Гульмира Толеубековна кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, пара ұсынылған жағдайда жасалуы тиіс іс-әрекеттер қадамы, әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар көлемі туралы айтып өтті.