10 октября 2023


ШҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ ШҚУ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Омарбеков Ерлан Болатұлының Amanzholov University студенттерімен кездесуі өтті. Кездесуде көтерілген өзекті тақырыптар нашақорлық пен есірткінің таралуы, интернет алаяқтық және лудомания болды.


-Биыл бұл осындай инновациялық форматта өтіп жатқан алғашқы шара. Полиция генералы Ерлан Болатұлы барлық қызметтерді алып келді. Атап айтқанда, Кадр саясаты басқармасы, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, Тергеу басқармасы, Криминалдық полиция басқармасы, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өкілдері бар. Мұндай кездесу өте тиімді, — деді ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген.


Фойеде Департамент мұражайының экспонаттары ұсынылды. Көрмеде ҚР Ішкі істер органдарының қалыптасуынан бергі тәртіп сақшыларының киімдерінен бастап, қару-жарақтар мен оқ-дәрілер және қазір қолданылатын арнайы құралдарды көруге мүмкіндік болды.


Бейіндік басқармалардың басшылары да қатысып, жұмыстарымен таныстырып, студенттерге қызықтырған сауалдарына жауап берді.


— Студенттерге өзімізге қалай қызметке, жұмысқа аламыз сол туралы айттым. Ең алғаш қалай шен алу керек екенін сөз еттім. Мысалы, бірінші жоғары біліммен лейтенант шенін, кейін бір жылдан соң аға лейтенант шенін алу керек екенін, ал үш жылдан кейін полиция капитаны шенін алу керек айтып, барлығын көрсеттім, — дейді ШҚО Полиция департаментінің кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Әсем Мұратханова.


Сонымен қатар, кездесу аясында алты студентке полиция жұмысына көмек көрсеткені үшін алғыс хаттар беріліп, «Полицияның қоғамдық көмекшісінің» куәліктері табысталды.