16 ноября 2023
СТУДЕНТТІК STARTUP-ЖОБАЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да жаратылыстану-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау бойынша StartUp-жобалардың ғылыми байқауы өтті. Байқауға 1-3 курс студенттері қатысты.
Байқаудың бірінші күні әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі қатысушылардың баяндамалары тыңдалды. Комиссия құрамында Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әлима Әлімхан, Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының сеньор-лекторы Жанетта Қалимолдина және Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының сеньор-лекторы Жазира Қайырбаева болды.
Қорғау барысында қатысушылар 20 түрлі жобаның жаңалығын, практикалық мәнін, ерекшелігін, оны өндіріске енгізудегі маңыздылығын таныстырды. Одан бөлек жобаны жүзеге асырудағы құны, өзін өзі ақтау кезеңі мен қажеттілігін атап өтті.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, StartUp жобалардың идеялары әр түрлі. Студенттер қаланы жақсы білетін онлайн гид, көз жанары сөнген немесе нашар көретін білім алушыларға көмекші құрал ретіндегі дыбыстық «Diener» қосымшасы, студенттерге заңгерлік көмек орталығын құру, «Logo Bastau» диагностикалық жинағы сияқты өзгеше жобаларды ұсынды.
Байқаудың екінші күні жаратылыстану-техникалық бейіндегі жұмыстарға арналды. Комиссия мүшелері қатарында Стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Ирина Ровнякова, Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов, физика-химиялық зерттеулер зертханасының аға ғылыми қызметкері Тілек Қуанышбеков, «Беттік инженерия және трибология» ҒЗО-ның жетекші ғылыми қызметкері Дастан Бүйткенов, Цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасының жүйелік инженері Нұрасыл Жомартқан және Цифрландыру және технологиялар бөлімінің маманы Әділет Амангелдин болды.
Студенттер сегіз жобаны ұсынды. Айрықша жұмыстар ішінде ара дернәсілі гомогенатын қолданатын экологиялық таза адсорбцияланған ара өнімі технологиясы, IT-технологияларын қолдану арқылы ұйымдастырылатын экотуризм, Teddy Au ерте бағдарламалауға арналған робототехника жиынтығы, ақпарат жинау арқылы сабаққа қатысуды есепке алудың автоматтандырылған жүйесі негізінде үлгерімді болжау жүйесі, алкогольсіз сусындар саудасына арналған қоршаған ортаны қорғау автоматы сынды жобалар бар.
Айта кетейік, байқаудың жеңімпазы «Аманжолов оқулары-2023» ғылыми-практикалық конференциясында белгілі болады.