23 ноября 2023


СТУДЕНТТЕР НОТАРИУС ЖҰМЫСЫМЕН ЕТЕНЕ ТАНЫСТЫ

Нотариус жұмысын сол салада еңбек етіп жүрген жан ғана егжей-тегжейлі айтып бере алады. Заңгерлік біліктілік – нотариусқа қажеттінің бір бөлігі ғана. Нотариус қызметіндегі тәжірибелі маман керек кезде психолог, медиатор, қаржыгер де бола білгені абзал.
Бүгін «Құқықтану» мамандығының студенттері ШҚО аумақтық нотариалдық палатаның төрағасы Жанна Бидельмановамен кездесті. Ол 20 жылдан бері жеке нотариустық қызметпен айналысады. Жанна Советқызы Аманжолов университетінің түлегі. 1993 жылы «Тарих және құқық» факультетін бітірген. Ал, 1995 жылы «Құқықтану» факультетін тәмамдаған. Кәсіби жолын әділет органдарынан бастады, кейін нотариустық кеңседе тағылымдамадан өтті. Қызметтің түрлі сатысын өткен соң, толығымен нотариус қызметімен айналысқан.


— Бүгін мен жалпы мамандық туралы барынша ақпарат беруге тырыстым. Яғни, бұл қызметте азаматтық құқық, жер құқығы, әкімшілік құқық туралы білім болу керек. Шынымен де нағыз заңгерлерді шақырып кездесу ұйымдастыру жақсы дәстүр. Себебі, студенттерге мамандықтың қыр-сырын айтып бере алатын солар ғана, — дейді Жанна Бидельманова.


Қонақтың арқасында білім алушылар көп нәрсені білді. Өзара мәміле, келісім туралы талаптармен танысты. Әсіресе, төртінші курс студенттеріне өте қызықты өтті.


— Оқу процесіне неғұрлым практиктерді белсенді тартуға тырысамыз. Қосымша мол тәжірибесі бар, беделді практик-заңгерлермен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Соның бірі Жанна Бидельманова, — деп атап өтті университеттің комплаенс-офицері Гүлмира Байеркенова.


Айта кету керек, ай сайын университетке бес-алты тәжірибелі заңгер келіп, заң, құқыққорғау саласындағы өзекті мәселелер турасында кездесу өткізеді.