11 декабря 2023
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЕЛУГЕ ЖУЫҚ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Саясат Нұрбек Amanzholov University-дің инфрақұрылымымен және ғалымдарының ғылыми әзірлемелерімен танысты. Министр заманауи ғылыми-зерттеу зертханалар: «Беттік инженерия және трибология» және «Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханаларына» барды. Онда бірнеше жылдан бері отандық ғылыми қызметкерлер зерттеулермен айналысып, іргелі жобалармен жұмыс істеуде.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдің алдыңғы қатарлы ЖОО-да машина жасау, материалтану, энергетика, биотехнология, экология және гуманитарлық салада 41 жоба жүзеге асырылуда. Университеттің ғылыми қызметкерлері «КАЗЦИНК», «Үлбі металлургия зауыты» ЖШС, «ТМК», «KAZminerals» АҚ, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы», ШҒЗТКМИтүсмет және т.б. сынды еліміздің 150 ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарымен және ғылыми орталықтарымен белсенді ынтымақтастықта.
Сонымен қатар, ведомство басшысы ғылыми орталықтардың лайықты материалдық-техникалық базасын атап өтіп, ЖОО ғалымдарымен емен-жарқын әңгімелесті. Осы орайда Тілек Қуанышбеков министрге «Су объектілерін тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясы» жобасын таныстырды. Жоба өзекті әлемдік проблема – тұщы судың сапасыздығын шешуге арналған. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2050 жылға қарай Қазақстан су тапшылығы бар елдер санатына кіреді. Қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға мұқтаж.
— Жоба аясында биополимерлер, керамикалық материалдар, сондай-ақ картриджге құрастырылған графит оксидімен модификацияланған, көміртекті материалдар негізінде сүзгіш композициялық сорбенттер өндірісін жолға қою, сонымен қатар университет базасында корпустар жасау жоспарланған. Ғылыми жұмыстардың қорытынды өнімі ірі кәсіпорындарда және тұрғын үйлерде қолданылады деп жоспарлануда. Университеттің ғылыми қауымдастығы Президент пен министрлікке ғалымдарға деген белсенді қолдаулары үшін алғыс білдіреді, — дейді Тілек Қуанышбеков.
Ал, жас ғалым, 30 жылдық жұмыс тәжірибесі бар агроном Алмасбек Мәуліт цифрлы аналогтық порталды таныстырды. Ғалымдар әзірлемесі мультиспектрлі камерасы бар ақылды дроннан тұрады. Ол егіс жұмыстарының уақытын, өнімділігін және тыңайтқыштың қажетті көлемін болжауға көмектеседі. Бұдан бөлек университет өнертапқыштары арамшөптермен күресте жасанды интеллектіні қолдануды жолға қойған. Құрылғы қашықтан түсіру кезінде камера арқылы өсімдіктердің әртүрлі түрлерін ажыратып, арамшөптер шоғырын анықтай алады. Ары қарай бағдарлама басқа алқаптардан алынған фотосуреттерді талдап автоматты түрде арамшөптердің бар-жоғын, олардың қай жерде өскенін және қай аймақта екенін көрсетеді.
Кездесу соңында Саясат Нұрбек әр өңірден жиналған 10 000 студенті бар ЖОО-ның үлкен контингентін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ғалымдарға Қазақстан ғылымына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Түркиядан келген волонтер оқытушылармен түрік тілінде аз-кем пікір алмасып, әскери кафедра курсанттарымен және халықаралық спорт жарыстарының жүлдегер спортшыларымен әңгімелесті.