12 декабря 2023
ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ УНИВЕРСИТЕТКЕ КЕЛДІ
Университетте профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің Директорлар кеңесінің мүшелерімен кездесуі өтті. Атап айтқанда, жаңа төраға Әмірхан Рахымжановпен, қоғам қайраткері Талғатбек Абайділдинмен, «Феликс Астана» ЖШС Бас директоры Баян Тойкебаевамен және ЖОО ректоры Мұхтар Төлегенмен жүздесті.
Диалог алаңы барысында Әмірхан Рахымжанов тыңдаушыларға Директорлар кеңесінің негізгі қызметі туралы айтып, соңғы жылдардағы ғылым, спорт, академиялық және әлеуметтік белсенділік саласындағы университет дамуының оң динамикасын атап өтті.
— Мұндай жетістік тек ректордың, проректорлардың және ПОҚ-ның кәсібилігінің ғана емес, сонымен қатар студенттердің де арқасы. Бұл бүкіл ұжым мен білім алушылар контингентінің толыққанды және жоспарлы жұмысы. Мен ШҚУ-ға тек өрлеу тілеймін, — деді Әмірхан Рахымжанов.
Кездесу интерактивті форматта өтті. Шараға қатысушылар сұрақтар қойып, өзекті тақырыптарды талқылады. «Феликс Астана» ЖШС Бас директоры Баян Тойкебаева түлектерге ақыл-кеңесін айтты.
— Ең алдымен сіз түйіндеме жіберетін мекеме туралы барынша көп ақпарат біліп алу керек. Одан кейін сол жердің жұмысын ілгерілетуге қатысты нақты ұсыныстарды дайындап алуды тапсырар едім. Өзіңізді жұмыс берушіге жақсылап таныстырыңыз. Одан бөлек, үлкен қалаларда бәсекелестікке дайын әр қызметкер үш тілді жетік біледі. Сондықтан, тіл үйренгендеріңіз абзал, — деді Баян Тойкебаева.
Директорлар кеңесінің жұмыс сапары аясында ЖОО-ның ғылыми орталықтары таныстырылды. Атап айтқанда, «Беттік инженерия және трибология» ғылыми зерттеу орталығы және Startup академиясы. Қонақтар зертханалардың тамаша материалдық-техникалық жабдықталуын атап өтіп, ЖОО ғалымдарына сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Директорлар кеңесі – бұл қатысушылардың (акционерлердің) жалпы жиналысында оның мүшелерін сайлау арқылы құрылатын басқару органы. Кеңестің міндеттеріне ішкі аудит, корпоративтік басқару және т.б. кіреді.