25 Желтоқсан 2023


«500 ҒАЛЫМ»: AMANZHOLOV UNIVERSITY ПРОФЕССОРЫ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ

Amanzholov University қауымдастырылған профессоры Гаян Ғұбайдуллина «500 ғалым» бағдарламасы аясында Akdeniz Üniversitesi-дегі ғылыми тағылымдамасын сәтті аяқтады. Түркиядағы тағылымдама барысында педагогика ғылымдарының кандидаты халықаралық ғылыми симпозиумда «Педагогикалық инновациялар: болашақ география мұғалімдерін даярлау бағдарламаларына салыстырмалы-салғастырмалы талдау» атты зерттеудің алдын ала нәтижелерін ұсынды.
Шараға Түркия, Ұлыбритания, Малайзия, Болгария, Қазақстан, Әзірбайжан ғалымдары қатысты.

Сонымен қатар, бағдарлама стипендиаты 19 модульдік білім беру бағдарламаларын меңгеріп, білім беру өлшемдері мен психометрияның қолданылуына талдау жасаған.


– Білім берудегі психометрия – бұл аз зерттелген тақырып, сондықтан тағылымдама кезінде әртүрлі жұмыстарды жүргізе отыра жаңа аспектілерді білуге мүмкіндік алдым. Алдағы уақытта студенттер мен оқушылар үшін сапалы тест тапсырмаларын әзірлеуді жоспарлап отырмын, – деді Гаян Ғұбайдуллина.


Оның айтуынша, тағылымдама барысында студенттермен өзара іс-қимылға ерекше назар аударған. Олардың белсенділігі мен жан-жақтылығын да атап өтті. Профессордың сөзінше, түрік жастары жыл сайын «Менің хоббиім» студенттер көрмесіне қатысып, өз хоббилерін анықтап, пікірлестерін табады. Ең бастысы барлық клубтар мен секцияларды студенттердің өздері ұйымдастыратындықтан бәрі тегін.