19 Қаңтар 2024


СПАРТАКИАДА-2024: ЖЕҢІМПАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Университет оқытушылары мен қызметкерлерін бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларына тарту мақсатында ұйымдастырылған спартакиада аяқталды. Шара салтанатты жиынмен аяқталып, жеңімпаздар марапатталды.
Жиынға басқарма-төрағасы ректор Мұхтар Төлеген қатысып, университет ұжымының бұқаралық спортты дамытудағы үлесіне алғысын білдірді. Сондай-ақ, жиынға арнайы келген Өскемен қалалық Дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің жетекшісі Ербол Қоңыратов университеттегі спартакиданың маңыздылығын атап өтті.


– Осындай ауқымды шараның өткізіліп жатқаны, университет ұжымының белсенділігі мен бірлігі қуантты. Өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттауда, спартакиада ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғысымды білдіремін, – дейді Ербол Қоңыратов.


Спартакиаданы қорытындыласақ, университет ұжымы спорттың жеті түрінен бақ сынасты. Атап айтқанда, үстел теннисі, жүзу, волейбол, футзал, тоғызқұмалақ, шахмат, арқан тартыс. Жалпы команда саны 10.
Командалық ойында ерекше көзге түскен ойыншылар да аз емес. Олардың бірқатарына “Үздік ойыншы”, “Үздік қорғаушы”,”Үздік шабуылшы” сынды номинациялар тағайындалды.
Нәтижеге тоқталсақ, үшінші орынды ректорат командасы, екінші орынды IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі иеленді. Ал тартысқа толы сайыста бас жүлде жоғары колледж командасына бұйырды. Сонымен қатар, спартакиада жеңімпаздары қаржылай сыйлықтар иеленді.


Айта кету керек, университет ұжымы арасында екінші жыл қатарынан дәстүрлі спартакиада ойындары өткізіліп келеді. Бұқаралық спортты дамытуда дәл осындай сайыстардың маңызы зор.