29 января 2024


МЕДИАЦИЯ – ЗАҢ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ЗАМАНАУИ БАҒЫТ

С.Аманжолов атындағы ШҚҰ-да Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының қабылданғанына 13 жыл толуына орай семинар өтті. Іс-шараға заңгерлер – медиация саласының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, «Құқықтану» кафедрасының студенттері қатысты.

«Құқықтану» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты, Ұлттық медиаторлар палатасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің директоры Марианна Дячук атап өткендей, медиация – үшінші бейтарап тарапты тарту арқылы дауды шешу тәсілі. Медиацияның мақсаты – жанжалға қатысушы әрбір тарапқа дауды өз бетінше шешуге, өзара қанағаттану мен өзара тиімділікке жетуге көмектесу.

«2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бізге жанжалдарды сотқа дейін және сот тәртібімен шешуге үлкен мүмкіндіктер берді», — деп атап өтті Марианна Дячук.

Шара барысында сарапшылар медиацияның әртүрлі бағыттары туралы айтты. Студенттер медиация принциптерінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын, университет ішінде медиацияны қолдануды ашатын шығармашылық бағдарламалары мен бейнероликтерін ұсынды.

«Семинар мен үшін өте пайдалы болды», — деп бөлісті 3 курс студенті Аляна Ахметова. – Мамандар айтқан көптеген ұсыныстарды қабылдап, оқу үрдісінде де, болашақ мамандығымда да қолданамын деп ойлаймын.

Соңында студенттер осындай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрса деген тілектерін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.