2 Ақпан 2024


БОЛАШАҚТЫҢ ЦИФРЛЫҚ ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Алматыда 1-3 ақпан аралығында «DigitalAlmaty 2024: «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» форумы өтуде.

Форумға шақырылған қонақтар ішінде С. Аманжолов атындағы ШҚУ өкілдері де бар.

ШҚУ ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету және цифрландыру орталығының басшысы Балғын Ділдебайдың айтуынша, VI Халықаралық цифрлық форумға әлемнің 30 елінен 150-ден астам спикер, 400-ден астам компания және көрмеге 300-ден астам адам қатысуда.

– Мен форумның сайтына тіркеліп, сәтті өтіп, шақырту алдым, – дейді ол. – Бұл шарада ақпараттық технологиялар саласында мол тәжірибе алуға болатынына сенімдімін. Мұнда шақырылған спикерлер тәжірибелерімен, әсерлерімен бөлісіп, мастер-класстар, пікірталастар өткізеді. Форум аясында B2B форматында кездесулер өтеді.

Digital Almaty халықаралық цифрлық форумы – цифрлық күн тәртібін, цифрлық трансформацияның жаңа стратегияларын және цифрлық технологиялар саласындағы бағыттарды талқылауға арналған дәстүрлі диалог алаңы.  

Балғын Ділдебайдың айтуынша, бұл алаңда шетелдік мамандар өз елдерінде қолданылатын жасанды интеллект пен басқа да заманауи трендтер мен инновациялық IT шешімдерді таныстырып, талқылайды. Сондай-ақ, мұнда IT саласында жұмыс істейтін озық компанияларды көруге болады. Инновациялық бағдарламаларды, аппараттық кешендерді, медицинада, өнеркәсіпте және халық шаруашылығының басқа да салаларында қолданылатын ақпараттық стендтер  ұсынылған.