8 Ақпан 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ ТМД БОЙЫНША ҮЗДІК СТУДЕНТТЕР ҚАТАРЫНДА

С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Аида Жайлаубаева ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «2024 Жылдың үздік студенті» төсбелгісі мен II дәрежелі дипломының иегері атанды. Байқауды «Бөбек Жалпыұлттық қозғалысы» қауымдастығы нысанында заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.
Аида Жайлаубаева «Тарих» мамандығының 4-курс студенті. Аида бірінші курстан бері тұрақты түрде түрлі олимпиадаларға, байқаулар мен конференцияларға қатысып келеді. Желтоқсан айының басында байқауға қатысуға өтініш берген.


Студенттің айтуынша, байқауға қатысарда өмірбаянын жазып, ғылым, өнер немесе спорт саласындағы жетістіктерді көрсету керек болған. Аидада түрлі грамоталар, сертификаттар мен түрлі басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалары топтастырылған жеке портфолиосы болған. Сонымен дайын портфолиосын жіберіп, байқау қорытындысын күту ғана қалған. Қаңтар айында электрондық поштасына құттықтау хат пен шақырту келген. Осылайша, Аида Жайлаубаева «2024 Жылдың үздік студенті» атанды.


– Білгенде қатты қуандым. Марапаттау шарасы Астанада өтті. Байқаудың барлық жеңімпаздарына «ТМД-ның үздік студенті 2024» төсбелгісі берілді. Әрине сертификаттар пен естелік журналдар табыстады. Осындай марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Жетістіктерім табысты мансап құруға көмектесетініне, жаңа жеңістерге ынталандыратынына сенімдімін, – деді Аида.


4 курсты аяқтағаннан кейін Аида магистратураға түсуді жоспарлап отыр. Сондықтан мұндай марапаттар оның кәсіби қызметін одан әрі жетілдіруге, ғылыми қызметпен айналысуға жол ашады. Ол жақын адамдар мен оқытушылардың, университеттің қолдауы арқасында кез-келген биікті бағындырып, жетістікке жетуге болады деп санайды. Бастысы мақсат пен ниет болса болғаны.