27 Наурыз 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ГЕ ВЕНГРИЯНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ КЕЛДІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға мажар ақыны Шандор Петёфиге арналған көрменің ашылуына орай Мажарстан Елшілігінің делегациясы келді. Ресми делегация құрамында Қазақстандағы Венгрияның Төтенше және Өкілетті елшісі Рона Отто Иван, ҚР-дағы Венгрия Елшілігінің консулы Денге Анико және Рона Отто Иван мырзаның жұбайы – Рона Наталья ханым бар.


– Аманжолов университеті Венгрияның бірқатар жоғары оқу орындарымен көп уақыттан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Бірінші келісімшарт 1998 жылы Сегед ғылыми университетімен жасалған. Бүгін біз ЖОО қабырғасында елдеріміз арасындағы әріптестікті нығайтуға көмектесетін ауқымды көрме өтіп жатқанына қуаныштымыз, – деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.


Өткен жылы бүкіл әлем венгр халқының ақыны және ұлттық батыры Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуын атап өтті. Ол Венгриядағы 1848-1849 жылдардағы революция жетекшілерінің бірі, Венгрия армиясының жауынгері болған, Неміс, француз, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, өлеңдері арқылы азаматтық ұстанымын көрсеткен.
Оқытушылар мен студенттер белгілі ақынның өлеңдерін мәнерлеп венгр тілінде және қазақ және ағылшын тілдеріндегі аудармаларын оқыды.


Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы университетте «Қазақ-мажар алтайтану зерттеулері: ежелгі заманнан бүгінге дейін» халықаралық ғылыми семинары өткен болатын. Сол кезде мажар ғалымдары мен университет тарихшылары Шығыс Қазақстанның тарихи орындарына экспедиция жасаған еді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары арасында студенттер мен оқытушыларға арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы да өнімді жұмыс істейді.


Кездесу соңында қонақтарға ЖОО-ның ғылыми-зерттеу орталықтары таныстырылды. Дипломаттар отандық ғылымды қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін сапалы және заманауи материалдық-техникалық жарақтандырудың маңыздылығын атап өтті.