15 апреля 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СЕНБІЛІК ӨТТІ

   ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде “Таза Қазақстан” акциясының аясында сенбілік өтуде.

Осы орайда С. Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы мен студенттері де қалыс қалмай, сенбілік ұйымдастырды.

ЖОО студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрам университет ауласы мен айналасын тазалады.

— Сенбілікке топтастарыммен бірге ат салысудамын. Ауа-райы жақсы. Сүйікті университетіміздің айналасын таза ұстау қажет деп ойлаймын. Баршаңызды қоғамды таза ұстауға шақырамын, — дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Мөлдір Нұрланқызы.

Сондай-ақ, сенбілікке арнайы қала әкімі Жақсылық Омар ат басын бұрып, университет ұжымының әрдайым белсенді екендігін атап өтті.

— Қандай жағдай болмасын С.Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы барлық шараға үнемі белсене қатысады. Көтеріңкі көңіл-күймен студенттер мен оқытушылардың сенбілікке қатысып жатқанын байқадым, — дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Айта өту керек, сенбілікке төрт жоғары мектеп және жоғары колледждің барша студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрам қатысты.

— Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, барша әріптестеріммен және студенттермен қоғамды таза ұстау, президент бастамасын қолдау мақсатында сенбілікке шықтық. Тазалық бар жерде береке бар, — дейді жоғары колледж оқытушысы Мөлдір Мәңкей.

Осылайша, сенбілік аясында студенттер мен ЖОО ұжымы университет айналасын тазалап, игі іс атқарды.

Айта кету керек, ЖОО-да жиі сенбілік ұйымдастырылып, табиғатты аялау, қоғамды таза ұстау мақсатында шаралар өткізіліп тұрады.