3 мая 2024
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДІҢ 20-ДАН АСА СТУДЕНТІ ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕ АТТАНАДЫ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың белсенді академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттердің көптеген елдерді аралап, әлемнің ең жақсы университеттерінде білім алуға тамаша мүмкіндіктері бар. Жаңа оқу жылынан бастап университеттің үздік студенттері Италия, Словакия, Литва, Польша, Корея және т.б. елдерде тура бір семестр білім алатын болады.
-Бүгінгі таңда университет өз студенттері мен оқытушыларына оқуда, тәжірибе алмасу мен бірлескен зерттеулер жүргізуде бірегей мүмкіндіктер ұсыну үшін әлемдегі жетекші оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен байланысты белсенді түрде нығайтуда. Осындай өзара іс-қимыл форматы университетте оқуды неғұрлым тартымды әрі қызықты етеді. Мұндай шара әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануда негізгі факторы саналады,-дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Мәселен, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Италияның Генуя, Кассино және Оңтүстік Лацио университеттерімен ынтымақтастығына бес жылдан астам уақыт болды. ЖОО-дары арасында берік әріптестік орнаған. Бүгінде академиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Жақын арада С. Аманжолов атындағы ШҚУ базасында итальяндық-қазақстандық мәдени орталықтың ашылуы өтеді. Ал күзде бес студент Генуя университетіне аттанбақ.
-Мен Италияға баратыныма өте қуаныштымын, бала кезімнен осы елге баруды армандадым. Себебі,біріншіден, болашақта бәсекеге қабілеттілігімді арттыруға көмектессе, екіншіден, Генуя университетінің студенттер қауымдастығын білу өте қызықты, — дейді «Екі шет тілі» БББ бірінші курс студенті Феликс Зеленков.
— Словакияға бір оқу семестрін оқу мүмкіндігінің туғанын білгенде,өз елім мен университетіме өте қатты риза болдым. Алда мені жаңа елмен оның мәдениетімен танысу күтеді. Мен барлық студенттерді жақсы нәтижелерге қол жеткізіп,өз бақтарын сынап көруге шақырамын, — дейді бірінші курс студенті Аружан Болатхан.
Көптеген студент бүгінгі жаңалыққа қатты қуанды. Себебі, кейбіреулері бала кезінен шет мемлекетте болуды, сонда білім алуды армандаған. Айта кету керек, таяу уақытта ЖОО студенттері ORHUN бағдарламасы бойынша бауырлас елдерге оқуға барады. Естеріңізге сала кетейін, ORHUN — Түркі университеттері қауымдастығының мүшелері арасындағы халықаралық алмасу бағдарламасы. Оның негізгі міндеттері — Жоғары оқу орындары арасындағы дипломдардың баламалылығын тану, ғылыми жобаларды бірлесіп іске асыру және түркі әлемін зерттеумен айналысатын жастар үшін арнайы стипендиялар ұсыну.