10 Мамыр 2024


ОҚУШЫЛАРҒА БИЫЛҒЫ ҰБТ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАРЫ АЙТЫЛДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаевтың айтуынша, биыл бейіндік пәндер бойынша жоғары балл шегі өсті. Енді шекті бал көрсеткіші 45 баллдан 50 баллға көтерілді.
Өз кезегінде міндетті пәндер үшін «Математикалық сауаттылық» және «Оқу сауаттылығы» шегі 10 баллға төмендетілді.

Кеңесші түсіндіргендей, бейіндік пәндер талапкерлердің болашақ мамандығын анықтайды.

Сонымен қатар, кейбір аймақтардағы төтенше жағдайға байланысты ҰБТ 2024 жылдың 12 шілдесіне дейін ұзартылды. Елдің қалған облыстарында мерзімдер өзгеріссіз қалады.

Бұл туралы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ұйымдастырған “Be to be” ауқымды кәсіптік бағдар беру шарасы барысында белгілі болды.

Облыс аудандары мен қала мектептерінің 750 түлегі «Ертіс концерт» орталық мәдениет сарайында университеттің артықшылықтарымен танысып, болашақ мамандықтары жайлы кең-молынан ақпарат алды.
Ол үшін ШҚУ-дың Жоғары мектептерінің өкілдері болашақ студенттерге білім беру бағдарламалары мен олардың ерекшеліктерін, сондай-ақ оқуға түсу шарттарын интерактивті форматта таныстырды.

– Біз талапкерлерге химиялық эксперименттер, ағылшын тіліндегі викториналар, авторлық әзірлемелер, психологиялық ойындар және метафоралық карталар дайындадық. Бізге көптеген оқушылар мамандық туралы сұрақтар қойып келіп жатыр. Олардың асқан қызығушылықтарын байқаймыз, – дейді Жоғары мектептер өкілдері.

«Be to be» іс-шарасы пәндік олимпиадалар мен «Bizdiң Өskemen Quiz» зияткерлік ойындарының жеңімпаздарын марапаттау шарасымен жалғасты. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен “Үміт” балалар үйінің тәрбиеленушілеріне университет грантын растайтын сертификаттары табысталды. Мұндай сертификатқа 22 адам ие болды. Енді олар төрт жыл бойы тегін білім алуға хақылы.

– Жақында мен құқық бойынша облыстық олимпиадаға қатысып, бірінші орынды иелендім. Сайыс әділ және ашық өтті. Бүгін көптен күткен грант туралы сертификатты қолыма алдым. Анам екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. Осындай мүмкіндік берген ЖОО-на алғыс айтамыз. Енді тезірек студент атануға асықпын, – дейді Өскемен қаласының №22 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аружан Қажиақберова.

Шара соңында ШҚУ-дың белсенді студенттері көрермендерді ырғақты би мен әсем әнмен қуантты.