17 Мамыр 2024


400-ДЕН АСТАМ ПЕДАГОГ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МАҚСАТТА ӨТКЕН ВОРКШОПҚА ҚАТЫСТЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ШҚО білім басқармасының қолдауымен педагогтар, логопедтер, дефектологтар мен бастауыш сынып тәрбиешілеріне арналған қайырымдылық воркшопын өткізді. Іс-шараның тақырыбы «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар түзету-дамыту жұмыстарында балама әдістерді қолдану» болды. Барлық түскен қаражат тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған вертикализатор жасауға жұмсалады. Жиналған қаржы «DEMEY» оңалту және түзету орталығына беріледі.

– Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 162 мыңнан астам бала бар. Бұл балалардың жалпы санының 3%-ын құрайды. Демек, бүгінгі тәрбиешілерге ерекше балалармен жұмыс істеудің балама әдістерін табу қажеттілігі туындайды. Сондықтан мұндай іс-шаралар жаһандық мағынада өте маңызды. Инклюзия туралы әрбір жаңа білім болашақта осы саланың дамуына мол үлес қосады, – дейді стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова.

Воркшоп 400-ден астам қатысушының басын қосты. Барлығы білікті мамандардың интерактивті шеберлік сағаттарына қатысты.
Бағдарлама «Лепбук» технологиясын, арт-терапия әдісін, нейросенсорлық элементтерді, фразалық сөйлеуді, ата-аналардың психологиялық дайындығын және Воскабович технологиясын зерттеуді қамтыды.

Сондай-ақ, педагогтарға физика және технологиялар кафедрасының профессоры ф.-м.ғ. к. Досым Ерболатұлының әзірлемелері және ОP бар балалармен жұмыс істеуге арналған авторлық әдістемелік құралдар таныстырылды.


Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.