6 июня 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ТАСҚЫН ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ ЖИНАЙТЫН ГИДРОБЕКЕТ ОЙЛАП ТАПТЫ

Судың физикалық және химиялық көрсеткіштерін үздіксіз өлшеуге арналған интеллектуалды онлайн гидро бекет су ресурстарының көлемі мен сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Ол су деңгейінің жоғарылауы мен төмендеуін бақылайды. Сондай-ақ температураны, мөлдірлігін және ағын жылдамдығын анықтайды. Мұндай ақпарат су тасқынының алдын алуда көп пайдасын тигізеді.

— Бүгінгі таңда Қазақстанда қолмен мониторинг жүргізу тәжірибесі кең таралған. Күн сайын таңертең және кешке арнайы маман су объектісіне келіп, деректерді жазып алады. Бірақ, нақты әрі дұрыс есеп жасауда бұл әдіс ескі. Оның арты тасқынға дайын болмауға дейін әкеледі, — дейді ШҚУ студенті Рүстем Жұмабек.

Жас өнертапқыштар тобы «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Рүстем Жұмабек, Ералы Сержанұлы және Диас Сағадиев өнертабыстары өзекті проблеманы шешу жолында мол септігін тигізетініне сенімді.

— Құрылғы бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтқанда, датчиктен, автономды қуаттау көзінен, басқару блогынан, микрокомпьютер мен деректер түрлендіргішінен тұрады, — дейді Диас Сағадиев.

Жобалардың жетекшісі IT және жаратылыстану ғылымдары Жоғары мектебінің деканы Салтанат Адиканова екенін атап өтейік. Ал, техникалық кеңесші Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының лекторы Бақытжан Көпжасаров.