15 сентября 2023


ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ШҚУ-ҒА КЕЛДІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов арнайы келді. Сапарының мақсаты – ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен танысу және студенттермен түсіндірме әңгіме жүргізу.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің мүшелері де қатысты.
Шара «Таза қол» мүсіндік композициясын таныстырумен басталды. Ол 2021 жылы оқу орынында адалдық пен әділдік символы ретінде ашылған.
Ары қарай «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенті және «Sanaly Urpaq» студенттік клубының мүшесі Ділназ Марат білім алушыларға арналған портал жұмысын көрсетті. Портал үлгерімді, кестені бақылауға, оқытушыны таңдауға және бірнеше минут ішінде қажетті студенттік құжаттарды алуға мүмкіндік береді.
Қонақтарға университет базасында жұмыс істейтін ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлардың фронт-офисі де таныстырылды. Еріктілер қозғалысының жетекшісі комплаенс-офицер Гүлмира Байркенова. Кабинет барлығына қызмет көрсетуге дайын, ал қауіпсіздік үшін бақылау камераларымен бақыланады.
Кестеге сәйкес университет өкілдері студенттер мен олардың ата-аналарын қиындық тудырған мәселелері бойынша қабылдайды. Фронт-офис жұмысына көмектесу үшін білім алушылар арасынан 15 бастамашыл еріктілер таңдалып алынған.
— Өздеріңіз білетіндей, біздің университет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке оның мақсаттары мен міндеттерін орындауда белсенді түрде көмектеседі, — деп атап өтті комплаенс-офицер Гүлмира Байркенова.
Студенттермен әңгімелесу барысында Дмитрий Малахов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметі туралы маңызды ақпаратпен бөлісті.
— Барлығы бірдей біле бермейді, бірақ сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлама үшін 4000 АЕК сыйақы тағайындалған. Егер сіз осындай заңбұзушылыққа тап болсаңыз, 1424 телефон нөмірі бойынша дереу хабарлауды сұраймыз, — деді Дмитрий Малахов.
Оның айтуынша, елдегі білімді азаматтар сыбайлас жемқорлық қылмысына аз ұшырайды. Бұл лайықты жоғары білім алудың тағы бір себебі.
Дмитрий Малахов сонымен қатар өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудағы алма-матердің үлкен рөлін атап өтті.