18 сентября 2023


ӨЛКЕТАНУШЫ, ЖАЗУШЫ Қ. АЛТЫБАЕВПЕН «ШЕЖІРЕ КЕУДЕ – СЫРСАНДЫҚ» АТТЫ КЕЗДЕСУ

Университет студенттері Зайсан ауданының құрметті азаматы, Жазушылар, Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан КИнЭС рекордтар кітабына енген сөзжұмбақшы, абайтанушы, өлкетанушы Қалибек Алтыбаевпен кездесті.
Жазуда өзіндік үні бар, тылсым терең ойды, жүрегіндегі сезімді шебер жеткізетін, көне тарихты қағазға түсірген шығармашыл жанмен жүздесу еркін сұхбат әңгіме форматында өтті. Өзінің өмір жолын әңгімелеп бастаған жазушы тұрмысы қиын, ызғары қатты соғыс жылдары туғанын сөз етті. Кеңес Одағы фашистермен кескілескен ұрыс жүргізіп жатқан тұста дүниеге келіп, ерте жастан еңбекке араласқан. Бала күнінен оқуға зерек болыпты.
— Кішкентайымнан Зайсан өңірінің тау-тасында мал бақтым. Таңертең қойға кеткенде қап-қалың роман-кітаптарды қойныма қыстырып алып кетемін. Кешке қарай малдан қайтқанда әлгі қалың кітапты оқып бітіріп келемін. Ол аз болғандай, түнгі он бір-он екіге дейін газет-журналдарды ақтарамын, — деді қаламгер.
Қалибек Алтыбаев елге белгілі «Тегін білу — тектіліктің тірегі», «Атамекен Зайсан», «Сан сұраққа саяхат», «Шырағың мәңгі сөнбейді», «Қазақ батыры Баймұрат Бәйімбетұлы» сияқты кітаптардың авторы. Бүгінге дейін 28 кітабы жарық көрген. Соның ішінде тұғыры биік 7 кітап бар. Оның барлығы хакім Абайға, Шәкәрім мен Мұхтарға арнап жазылған. Қалибек Алтыбаев 2011 жылы Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылығы негізінде «Үш кемелдің шалқарынан» сөзжұмбақ жинағын, бір жылдан кейін «Абайды оқы, ойлан, тап» кітабын, ал 2014 жылы – «Абай әлемі» кітабын шығарып, осы кітабы үшін Қазақстанның Рекордтар кітабына енген. Аталған жинақ екі мың сұрақтан құралған.
Жазушы қазақша сөзжұмбақ тарихы 1957 жылдан басталады деп санайды. Өзі сөзжұмбақ құрастыруды 1960 жылдан бастаған екен.