12 Қазан 2023


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСАДЫ

1-2 қарашада А.И. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында «Қазіргі қоғамдағы тілдік және әдеби білім» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Шараға университеттің қауымдастырылған профессоры Наталья Бенеш және «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының төртінші курс студенттері: Полина Гордиенко, Анна Краскова, Валерия Мукина, Диана Нұрлыбекова және Юлия Сергиенко қатысады.


– Ауқымды жиын педагогика саласындағы белгілі кеңестік және ресейлік ғалым Тамара Рамзаеваның 95 жылдығына арналған. Конференцияға қатысуға шақырту алғанда-ақ басшылық бірден қолдау білдірді. Біз бес үздік студентті таңдадық. Олардың әрқайсысы халықаралық деңгейде университетіміздің абыройын асқақтатып, авторлық баяндамаларын қорғайтын болады, – дейді профессор Наталья Бенеш.


Оқытушының айтуынша білім алушылар оқушыларды әдеби оқуға үйрету процесінде диалогтық технологияларды жүзеге асыру бойынша ғылыми жұмыстарымен таныстырмақ.


– Біз Санкт-Петербургте өтетін осындай маңызды іс-шараға баратынымызға өте қуаныштымыз. Біз үшін маңызы зор. Мол тәжірибе болмақ. Ректорымыз бен оқытушыларымызға алғысымызды білдіреміз, – деді Валерия Мукина.


Айта кетейік, сапар бағдарламасында 10 күндік академиялық тағылымдама бар. Оның барысында студенттерге Ресейдің тарихи жоғары оқу орындарының бірінде бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау ерекшеліктерімен жіті танысуға мүмкіндік бар.