20 Қазан 2023


ЖОО ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ГРАНТ ЖӘНЕ КВОТА БОЙЫНША ӨТЕУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Төртінші курс студенттері үшін ШҚО Білім басқармасының өкілі Әлия Жайлаубаевамен ақпараттық кездесу өтті.
Мақсаты – мемлекеттік білім беру тапсырысы мен әкім гранты бойынша оқуды аяқтайтын түлектердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру. Шараға Стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Ирина Ровнякова және маркетинг, мансап және жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысты.


Педагогикалық, медициналық, ветеринарлық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарындағы қазақстандықтар ЖОО-ны бітіргеннен кейін білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында кемінде үш жыл гранттарын өтейтіні белгілі. Өтеу мерзімі жұмыс берушілермен еңбек шарты жасалған күннен бастап есептеледі.


Жоғары оқу орындарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің әдіскері Әлия Жайлаубаеваның айтуынша, студенттер грант өтеу міндетінен босай алады. Босату жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссияның шешімі бойынша беріледі. Ықтималды себептерге жататыны: қайтыс болу, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік, тұрғылықты жері бойынша елді мекенде бос жұмыс орындарының болмауы, магистратураға түсу, жүктілік немесе үш жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеу.


Естеріңізге сала кетейік, университет түлектерінің жұмысқа орналасу пайызы 98% құрайды. Бұл университет қызметінің маңызды көрсеткіштерінің бірі.